Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  52


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Құмалақшы

Əнмен, күймен алынбас қорғапты алып,
Қазекеме бақ дəулет қонған дарып,
Алып ұшқан білімі болмаса да
Азын – аулақ өнері болған халық.
Талайларды өнермен жүгіндірген,
Тапқырлықпен талайды сүріндірген.
Алтын, күміс дегенді ұндай илеп,
Құмалақты сөйлеткен, тілін білген.
Құмалақ сап жоғалтқан жоғын тапқан,
Жолаушының келетін жолын тапқан.
Қасын біліп, ертеңін қоса болжап,
Досын танып, оңы мен солын тапқан.
Адал тапқан тарысын таудай көрген,
Адалдықпен дəулеті қаулай берген.
Қаулан деген бір білгір болған екен,
Құмалағы айтқаны аумай келген.
Қаулан бір күн кетіпті жолға шығып,
Құмалағын жан ашыр жолдасы ғып.
Тарығыпты нар жүгін көтерген ер,
Мың күн сынбас шөлмегі жолда сынып.
Базар барып сол күні қайтқан екен,
Жолығыпты далада жайтқа бөтен,
Жол үстінде тартқан бір құмалағы
Мынадай бір сұмдықты айтқан екен:
– Тұла бойың адалдық сезім еді,
Төрт құбылаң сай тұрған кезің еді.
Соның бір де бірінің себі тимей,
Бүгін түнде бір пəле кезігеді.
Сенің үшін қатерлі таң келеді,
Таң емес-ау, қаралы əн келеді.
Егер бүгін үйіңе барар болсаң,
Түннен қалмай əйелің жан береді.
Жолға қонсаң жолдас жоқ маңайыңда,
Тіл қата алмай кетесің ағайынға.
Арманда боп далада өлесің ғой,
Шалқып өлмей болмаса сарайыңда.
Саған қылған бұл – менің ерлік ісім,
Шынын ғана айтуға келді күшім.
Екі жолдың біреуін таңдап алып,
Ақылменен шешерсің ендігісін.
Осы ма еді тағдырдан сұрағаны,
Бетін қалай өлімге бұра алады.
Қайта-қайта, сене алмай, тартса дағы,
Бір айтқаннан танбапты құмалағы.
«Жан тең келмес өмірлік жарым еді,
Маңдайына бақ-дəулет дарып еді.
Ол бар жерде бай едім, бақытты едім,
Жанып тұрған өзі де жалын еді.
Адам еді аяулым қолы құтты,
Оны қалай қиям деп» торығыпты.
Ол өлгенше өзім-ақ өлейін деп,
Тұрғанында бір адам жолығыпты.
Болған істің мəн жайын айтып келіп,
Құмалақты тағы да тартып беріп.
Тұрғандығын айтыпты жапан түзде,
Өзінің-ақ өлгенін артық көріп.
Жолаушы екен ол да бір сапардағы,
Патшалыққа алыс бір шаһардағы.
Рулы елді билеген ұлығынан,
Барады екен тіл хабар апарғалы.
Сабаз екен тар жерде талықбастан,
Ақыл тауып, аяғын анық басқан.
Адалдықпен адамға көмек ету –
Мінезі екен жасынан қалыптасқан.
Құмалақшы жан екен ол да мықты,
Құмалақты тартпақ боп қолға алыпты.
Жапан түзде біреуге жаны ауырып,
Тоғыз тартып, он қайта толғаныпты.
Сан жұмбақты басынан кешкен екен,
Тоғыз өлшеп бір рет кескен екен.
Талайларды тамсантқан даналықпен,
Ойлап-ойлап ақыры шешкен екен:
Ақылым бұл адал дос хақындағы,
Дұшпан екен дұшпаның жақындағы.
Қалу үшін жарың да, жаның да аман,
Қақ тіл! – депті – қоржынды атыңдағы.
Жақындағы жан біткен жат көрініп,
Қаулан шошып жылапты қатты егіліп.
Қақ бөлінген қоржынның ортасынан,
Шұбар жылан шығыпты қақ бөлініп.
Жеңбеген соң дұшпанды майдан қылып,
Тапқандығын айтпапты қайдан біліп,
Кетерінде жолаушы былай депті,
Жолдасының көңілін жайландырып:
Түзде қонсаң өзіңді шағар еді,
Өлімтігің далада қалар еді.
Құмалақты сөйлетпей үйге барсаң,
Улы бізін жарыңа қадар еді.
Енді міне құтылдың бəрінен де,
Аман қалдың қатердің кəрінен де.
Əлің барда адамға жақсылық ет,
Кіші болсын тарының дəнінен де.
Депті-дағы сөзін ол тауысыпты,
Айдалада дос болып табысыпты.
Үйге жүріп қонақ боп қайтыңыз!? – деп
Қаулан тұрып қиыла жабысыпты.
– Сірəда жау алмайды досы көпті,
Дос болдық қой, үлкен сый, – осы – депті.
Сонан бастап екеуі дос болыпты,
Достықпенен көңілдің қошы кепті.
Құмалақты білмесе, келер күннен,
Үлес алмай, өлімге көнер мүлдем.
Құмалақ та үлкен бір өнер екен,
Озады екен түбінде өнер білген




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу