Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  151


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жалғыз киік

Бірде ашық, бірде түнекпен,
Талайлар жасын түгеткен.
Басына сан күй түнеткен,
Тірліктен не бір күн өткен.
Өмірді сүйіп жүрекпен,
Жайнатып жерді гүл еткен
Арманды қолда түлеткен.
Бейуаз, қимас күн өткен.
Байлығын тапап тұл еткен.
Базарын өртеп күл еткен.
Əлсіз əлді құл еткен,
Тағы бір қилы күн өткен.
Сондай бір күннің тарында,
Байдың да, бидің барында.
Шалқып бір тұрған шағында,
Қалыпты аңыз қауымға.
Құлағым соны шалды да,
Көңілім құйып алды да.
Зердеме ұйып қалды да,
Өлең ғып тарттым алдыңа.
Алтын дəн бейне сары уыз,
Даланы алған теңіз қып.
Шалқыған, шалқар сары күз
Толықсып тұрған семіздік.
Ақ пейіл жердің өзі иіп,
Өзен боп ырыс аққандай.
Шық бермес таудың төзімі,
Əреңге шыдап жатқандай.
«Жомарт күз – дейді кəрілер
Қарап-ақ көңіл тоярдай».
Азғана қауым əбігер.
Егіннің мұртын оя алмай.
Тұрады таңмен таласа,
Шығады күнмен жарыса.
Түрегеп ұйықтар қаласа,
Түк өнбес жаны қалғыса.
Бір мезет қалғыр болса да,
Буынған белін шешпейді.
Күн бойы бірге орса да,
Тіс жарып лəм деспейді.
Сонда да ісі өнбейді,
Сонда да жұмыс бітпейді.
Үміттің оты сөнбейді,
Бір арман алдан күт дейді.
Орғаны байдың егіні,
Жиғаны байдың байлығы.
Жанынан тыным кеміді.
Жайланар дейсің қай күні.
Деуменен «бəлкім шыдалық»
Тұралау деген осы да!
Жұлдызды көкке шығарып
Қайтады əрең қосына.
Тербейді егін даланы,
Самал жел басын шайқаған.
Сыбызғы болып сабағы,
Сұңқылдап тұрып айтады əн.
Бидайық оттай шалқиды.
Егінмен өскен салалас.
Егіннің иісі аңқиды,
Ерменнің исі аралас.
Егіннің жаны сары жұрт.
Тусып бір жатқан жер еді.
Ымыртты бетке жамылып,
Күнде бір киік келеді.
Сұқтанған сұмның талайы,
Жапанның жалқы киігі.
Өрісі егін маңайы,
Мекені таудың биігі.
Мекендеп мəңгі қалардай,
Өзіңе, бəлкім, берсе ерік.
Сол жұрттан көзін ала алмай,
Қайтатын түнді еңсеріп.
Басына жан боп қонбаған,
Астатөк заман, мол дəуір.
Ниетін тəңір оңдаған,
Жалқы еді жүрген ол да бір.
Байлықтан, бақтан түңіліп,
Тұратын барша үйменен.
Жүретін іштей үгіліп.
Уатып жанын күйменен.
Күтетін адал тілеумен,
Ататын əрбір таңды да.
Өң шайып. Сірə, біреумен.
Болмаған қасы жандыға.
Жан емес сəл мін тапса да,
Сайланып жетіп баратын.
Алдымда жылан жатса да,
Айланып кетіп қалатын.
Бидайы бір-бір бадана,
Ырыстың тірек, тиегі.
Осынау дархан далаға,
Барлыбай ғана ие еді.
Алты ата бойы сарқылып,
Кетпеген дəулет мəйегі.
Байлықты судай сапырып,
Салтанат құрған бай еді.
Күздің бір күміс таңында,
Көк жиек нұрға малынды.
Сейілге шыққан шағында,
Көзіне киік шалынды.
Көрді де сұғын қадады,
Жалшылар түгел жиылды.
– Кезсең де жаһан даланы,
Киікті тап! – деп бұйырды.
Аңшылар қару асынып,
Ойға да қырға ағылды.
Жатыр деп қойны жасырып,
Тінтумен болды шағылды.
Еріккен байдың əлегі,
Қаншама жерді таптатты.
Болды да есек дəмелі,
Орманға өрт те қаптатты.
Жердегі қуыс інге де,
Үмітпен тесе үңілді.
Топан су алған күнде де,
Таптырмас десіп түңілді.
Тек қана бағбан қалпында.
Егіннің маңын барлады.
Жүрсе де киік алдында,
Ешкімге тісін жармады.
Егінші қауым іздесіп,
Өтесем деді жарлықты.
Шаңыттау жерден із кесіп,
Олар да шаршап шалдықты.
Көңілін байдың қалдырмай,
Табам деп талға жармасты.
Уақыт – жүйрік шалдырмай,
Аптамен апта алмасты.
Біреуден біреу сұрап ап,
Іздеуге шыққан қамданып.
Қаншасы жолда тұралап,
Қаншасы жүрді сандалап.
Жарлықты екі еткізбей,
Табам деп жерді түгетті.
Уақыт – тұлпар жеткізбей,
Күндерді қуып күн өтті.
Сырына қанық бір пенде,
Киіктің жөнін нұсқады.
Егінге келіп жүргенде,
Егінші қауым ұстады.
Азамат азып, ат арып,
Əмірі байдың қинады.
Киікті байға апарып,
Егінші қауым сыйлады.
Тəлкек қып тағдыр сор қамап,
Жүдеді түздің тарланы.
Емшектен сүті сорғалап,
Тіл бітіп бір кез зарлады:
Киіктің зары
«Өтті де кетті қайран шақ
(Сыр қылып бəрін шертемін,)
Жарысып желмен сайран сап,
Еркелеп өскен ерке едім.
Тағдыры бақыт бермеген,
Анадан жалқы тудым да.
Шырынын шөптің терген ем,
Тұнығын жұтып судың да.
Үлесім еді масайрау,
Жоқ еді əнім айтпаған.
Есіртіп тағдыр жасайды–ау,
Жан едім бетім қайтпаған.
Бітпеген кезде тауысып,
Жастықтың əнін, əсерін.
Теңіммен тең боп табысып,
Бақытқа күнде мас едім.
Ол да бір жанған күн еді,
Гүлдеген күнде арманы.
Адалдық толы жүрегі,
Аршындап ұзақ бармады.
Басымды қайғы торлады,
Екі жыл толық өткенде.
Есілім оқтан сорлады,
Осы бір маңда көктемде.
Жүргенде шалқып асылым,
Балаңыз еді оқ атқан.
Жылай да жылай жасыдым,
Берікпін деуші ем болаттан.
Сонау бір жатқан сары жұрт,
Аяулым өлген жер еді.
Сүйегін іздеп сарылып,
Болар деп келем дерегі.
Шықпаймын шауып белге де,
Үмітке бұлдыр сеніп құр.
Есілім өлген жерге де,
Бас ием күнде келіп бір.
Қайтушы ем таңды атырып,
Билетіп ащы сезімге.
Қолға да түстім ақыры,
Сол жерге келген кезімде.
Тағдырың мықтап қорласа,
Жүрегің жанған шоқ екен.
Мəңгілік қайғы болмаса,
Мəңгілік бақыт жоқ екен.
Тағдырың мықтап ойнаса,–
Айналаң бейнет – тор екен.
Шаттыққа көңіл тоймаса,
Тойдырар күйік сор екен.
Ауыртпай естен тандырған,
Күйікпен өртеп жандырған.
Аңыратып жалғыз қалдырған,
Жоқ екен күшті тағдырдан.
Жартасы жетпіс ұялы,
Тау еді мəңгі тұрағым.
Тұлпардың сынық тұяғы,
Сонда еді егіз лағым.
Сора боп кəзір жыласам –
Соларды ойлап жыладым.
Бір күндік тірлік сұрасам –
Сол үшін ғана сұрадым.
Сөзімді тақсыр қабыл ал,
Жəрдем ет?! Басқа не дейін.
Күтумен мəңгі сарылар,
Соларға қош деп келейін.
...Дүние сəтте өзгермек,
Жүйесі байдың босапты.
– Қоштасып қайта тез кел,– деп
Бір күнге ғана босатты.
Қара түн – қара соқырды,
Қуды да күзгі таң атты.
Киікті күтіп отырды,
Таусылып қауым тағаты.
– Келеді!
– Келмейт! – дегенмен.
Екіге халық бөлінді.
Лағын ертіп белеңнен,
Сəскеде киік көрінді.
Ажалға мойнын бұрды ма,
Биледі бойын бір ағын.
Ауылға қарап тұрды ма,
Емізді екі лағын.
Көзінен күміс мөлтілдеп,
Қиылып тұрып алдады.
– Өзіңмен бірге өлтір! – деп,
Шырқырап олар қалмады.
Жекіріп киік тулады,
Кетер деп лаң асқынып.
Ауылға қарай зулады,
Жұмды да көзін тас қылып.
Безектеп лақ қалмады,
Көзінен моншақ парлады,
Жеткізбей ана алдағы.
Шырқырап тұрып зарлады.
Лақтардың зары
«Жем қылып бізді басқаға,
Қаңғыртып тауға тастама!
Болса да қандай масқара,
Бізді сал жолды баста да!
Қомсынбай шикі бала деп.
Ала кет, ана, ала кет?!
Болдырмай жетім, қара бет.
Өзіңмен бірге ала кет?!
Зорлықты бірдей көрейік,
Қорлыққа бірге көнейік,
Өзіңді құшып, өбейік,
Сен өлген жерде өлейік.
Ала кет бізді панаңа,
Тастама дүлей далаға.
Қайрылшы қайран жан,
Кетейік сенен садаға.
Қомсынбай шикі бала деп,
Ала кет, ана, ала кет!
Болдырмай жетім, қара бет,
Өзіңмен бірге ала кет!?
Өртке сал шоқ боп жанайық,
Жауыңа ат, оқ боп ағайық.
Жүруің үшін қарайып,
Садағаң болып қалайық!»
Лоблыға соғып жүрегі,
Қарады қауым қайран қап...
«Тағдыр-ай, кеше жүр еді
Даланы кезіп сайрандап.
Басыңа бақыт қонар ма,
Киіктің сорлы баласы.
Жалғыз-ақ түндік болар ма,
Шаттық пен қайғы арасы».
Осыны ойлап көргенде,
Еңіреп тұрды біреуі.
Кеудесі кекті шерменде,
Құлағын ерте тіреуі.
Құлағын басты біреуі,
Қайғы мен зардан қажыған.
Жүдеген əбден жүрегі,
Байлық пен бақтың азынан.
Көкірек шерге толды да,
Жөнелді біреу кемсеңдеп.
–Бола көр жəрдем сорлыға,
Тілекті, Алла, берсең?! – деп.
Жылады өксіп, өкіріп
Егіліп бəрі босапты.
Қауым боп байдан өтініп,
Киікті ақыр босатты.
...Жылқының өрт боп өзегі,
Егінге күй қып қайтады.
Жалғыз-ақ ауыз сөз еді.
Сондағы күйдің айтары:
«Жоғалтып асыл жолдасын,
Ананың гүлі солмасын!
Нəресте өксіп, еңіреп,
Жылайтын заман болмасын.!!!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу