Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  71


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Түйіндер

Кіріп келсең мақтайды,
Шығып кетсең даттайды.
Күңкілдейді сыртыңнан,
Бетпе-бетке батпайды.
Сақ болғайсың жұртым-ау,
Бұл да үлкен бір тұмау.


* * *
Кішіден ізет көрем деп,
Кекжиіп қалған бастар бар.
Үлкенге қарап елеңдеп,
Бүгжиіп қалған жастар бар.
Мастана беру – шен бе екен?
Жасқана беру жөн бе екен?
* * *
Білегіңді түрінсең,
Күшіңе бақ.
Білімдіден сүрінсең,
Ісіңе бақ.
Кеуде қақсаң мықтыға кісімсініп,
Кісілікті көрерсің тісің сынып...
* * *
Биіктікті ұғынарға,
Тау болған соң шыңы бар да.
Кілең шаттық бұйырар ма,
Жан болған соң мұңы бар да.
Соның бəрін ұғынар,
Қолда бардың құны бар ма?!


* * *
Ізет деп, зарлайды,
Аспанды барлайды.
Шекшиіп шелтиіп,
Амандық алмайды.
Сыйлассаң тату боп,
Аманда сату жоқ.


* * *
Тұғыр атты томарға,
Қыран аңсап қонар ма?
Қыран қарға болса да,
Қарға қыран болар ма!


* * *
Ісіңде дəн жоқ,
Сөзіңде мəн жоқ.
Күпініп жүрегі,
Күпиіп жүреді.
Үрленген қарынға,
Ұқсау да дарын ба?!


* * *
Асқарсыз еңіс болмас,
Аяңсыз желіс болмас.
Алымсыз беріс болмас,
Жалынсыз жеңіс болмас.
Білгенің теріс болмас,
Осыған келіс, жолдас!


* * *
Ауызда тығын жоқ,
Ақылда шығын жоқ.
Тумасаң мығым боп.
Жаныңда тыным жоқ.
Қимылдап қалмасаң,
Көк тиын құның жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу