Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  72


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Асаулармен жастығын күрестіріп...

Асаулармен жастығын күрестіріп,
Ат жолында ойнайтын күні ескіріп.
Тоқсаныңды тойтарып отыр атам,
Ақ батасын біздерге үлестіріп.
Бəйгені де мол шауып мол шаптырған
Еске алады жүргенін жол сап қырдан
Бəйтерегім секілді ол құламайтын.
Асқар тауым секілді ол қоршап тұрған.
Қаламаған жан сая бас тынымын,
Қыран дерсің аңсаған тас тұғырын.
Тілсіз мылқау, тұнжырап отырады,
Еске алды-ау кештерін жастығының
Билесе де бар сабыр нұр мүсінін,
Мінезінде байып жоқ бұл кісінің.
Жымияды ілезде шырайланып,
Еске алады-ау əзілін құрбысының.
Барып-барып ақылға аялайды,
Ақтарылса ағынан аянбайды.
Күміс түйме көзінен құлап кетіп,
Сағынышын тағы да баяндайды.
Кимелесең қиялын ұнатпайды,
Барып-барып өзі бір тұрақтайды.
Көңіліне жаққанын қалайды өзі,
Жан көңілің жалғанда құлатпайды.
– Қайран жастық! Көңілдің хошы екен-ау,
Деп налиды – дүние бос екен-ау.
«Қартайғанда бір бала» деген тəмсіл
Осындайдан қалған-ау! Осы екен-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу