Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  117


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қуаныш пен шаттығың сабақталар...

Қуаныш пен шаттығың сабақталар,
Жомарттығың сол күні сарапталар.
Дүниеге нəрестең келген күні,
Төбең көкке тиюге сəл-ақ қалар.
Ер жігіттің жанбайды қайда бағы,
Жайнатады маңдай тер бай даланы.
Еңбегіңе лайық сый көресің,
Топтан озып жүйрігің бəйге алады.
«Жаны қалап», жарың кеп үйге енеді
Түтініңе думанды күй келеді,
Қуанышпен қуаныш ұласады,
Құрығанда жиенің үйленеді.
Сəбиіңнің өмірін қоса тілеп,
Ақ тілегін дос жаран қосады кеп.
Қазмойындар əйгілеп шаттығыңды
Ақ дастарқан ақ дəмін тосады кеп.
Сырласың жықпас деп сені орға,
Сүріндірмей сүйрейді сенім алға.
Достардың да думанын бөлісесің,
Шат заманда шаттықтың шегі бар ма?!
Ол да сендей мүшелін белгілейді,
Ол да сендей келінім келді дейді.
Оныңдағы бөбегі жасқа толып,
Ол да сендей жанымен елжірейді.
Жуса досың жүлде алған поэмасын
Қалай ғана көтермей қоя аласың.
Ақсақалдың алпысқа толған күні,
Алдармысың томсарып той ағасын.
Күйеу болып бой жеткен құдашаны,
Жарасады құда мен құда сəні.
Орден алып құдаңның құдағиы,
Дастарханға дастархан ұласады.
Бəрі қызық, бəрі той мəлімдесең,
Махаббатың айтасың əнін де сен.
Шалқып күліп шарапты көтересің.
Базар етіп жүресің бəрін де сен.
Əзілменен, əдепті ісіменен,
Тіл табысып сый, туыс кісіңменен.
Ойнап-күліп бір жасап қаласың-ау,
Не демейді осыны түсінбеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу