Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  257


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ақын сыры

Қабылдай сап əр күніңнің ақ таңын,
Арқалаймын сансыз ойдың батпанын.
Туған тілді қайта-қайта сараптап,
Қу қағазды кеміріп кеп жатқаның.
Тұрғанда да гүл жайқалып, күн ысып,
Отырғаның денең мұздап, құрысып.
Жалыққанда ауық-ауық бой жазып,
Серпілесің əзілдесіп күлісіп.
Төрт қабырға – төрт экран секілді,
Қарап-қарап жыр құрайсың не түрлі.
Одан да бір мезі болған кезіңде,
Кең далаға бұрғың келер бетіңді.
Арман деген тым-тым биік ұшпай ма?!
Елігесің балалығың ұстай ма?
Қажығаннан қой баққың да келеді,
Бірақ, оған дəрмен қайда, күш қайда!
Шіркін, сонда кезіп-кезіп қайтсаң-ау,
Шаттық, жырды шалқып тұрып айтсаң-ау.
Еңбек жайлы жазбады деу орнына,
Ерлер жайлы көп жазды деп айтса дау!
Кесімсіз-ақ жығылар ең сол дауға,
Тани алса тап болар ең қолдауға.
Амалың аз қабырғаға қарап ап,
Түңілесің айналады-ау – деп болмауға.
Түк шықпас деп, жүргеніңде осымнан,
Жыр келеді көкейіңе тосыннан.
Сол бір сəтте оңашаға қашасың,
Аттай болып арқанынан шошынған.
... ойлы шумақ – ұлы асуды асқандай.
Тапқыр теңеу – төстен түлкі қашқандай.
Қуанасың əдемі жыр жазсаң да,
өзіңше бір америка ашқандай.
Кей кездері сөзге сөзің қосылмай,
Кейітеді ренжіткен досыңдай.
Ақын деген əулие деп жүрсің-ау,
Біздің өмір, біздің бақыт осындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу