Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  77


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Күміс түн. Жазғы самал жел де тынық.

Күміс түн. Жазғы самал жел де тынық.
Төгілген ай сəулесі көлде тұнып.
«Ақсүйек» ауыл маңда қызатын-ды.
Аулақта «Алтыбақан» тербетіліп.
Қыз-жігіт шырқағанда бастап əнді,
Сөгіліп кетуші еді аспан алды.
Бүгін жоқ «Ақсүйек» пен «Алтыбақан»,
Шойын түн жатып алған тас қараңғы.
Ескекке əн қоспаған тауда қурай,
Момын түн, өлқая түн қайда мұндай?!
Мамырлап көрші ауылдан əн келеді,
Үш күндік шілдехана айғағындай.
...Бұлт іріп, жұлдыз шығып санамалы,
Тілгілеп аспан бетін сан ағады.
Мақпал түн қылаң түнге айналса да,
Тұңғиық тыныштықта Жанар əлі.
Белгісіз келер күннің түс – реңі,
Бақытын жорып қана түсінеді.
Қиялдап қыз жүрегі отыр еді,
Елеңдеп, қоңыр кенет кісінеді.
Көз тастап, құлақ тосса айналаға,
Сылқым күй толқындайды айдалада.
«Жүр ме екен қуанышын сыйғыза алмай,
Əлдебір шерлі ме екен қайран аға?!
Кеудесін текпілеген кекті ме екен?
Көз жасын күй болдырып төкті ме екен?
Зар жылап сүйгеніне қосыла алмай,
Қаңғырып айдалаға кетті ме екен?!
Бақытың шақырмаса хабар беріп,
Сұм көңіл дүниеде қалар жеріп.
Жүрегі күйге қарай алып ұшты,
Осы ойға тірелді де Жанар келіп.
...Түбі жоқ тұңғиыққа батып арман.
Қонғандай ұшқыр шабыт, ақын арман.
Сарнатып домбыраны жатыр жігіт,
Көгалға шалқасынан жатып алған.
Құлақ сап, зейін қойып бара сала-ақ,
Ұғам деп Жанар тұрды жанасалап.
Əн қызған шілдехана иен қалып,
Жиын топ күйге ағылды тамашалап.
Құс шіркін, тəтті күйді қаламай ма,
«Əупілдек» əупілдейді анадайда.
Кеткендей өзге тірлік күйге айналып,
Аспанда бұлт қалмаған танадай да.
Дүние күймен ғана жаралғандай,
Тіршілік күй сазынан нəр алғандай.
Жан беріп, қу ағашқа тіл бітірген,
Мықты едің жүрек неткен, адам қандай!
Бақыттың жолын сілтеп, жөнге салған,
Туындап өшпес үміт, сөнбес арман.
Айдын көл жолыққандай Аққуымен,
Ер жігіт ат арытып, шөлдесе алдан.
Бір кезек алыс самғап, талса қанат,
Жатқандай бірде толқын жар сабалап.
Кетердей сезім біткен от боп жанып,
Қара көз қиыла бір қалса қарап.
– Тірлікте талай өмір өтеді алдан,
Күйменен кім бар дейсің мекке барған, –
Деген де əлгі жігіт, таң біліне,
Аттанып өз бетімен кете барған.
Біреулер:
– Ақбоз мінген ғайып– деді.
– Е, қойшы, жақсы күйді жайып тегі,
Жөн шығар, – деді өзгелер.
Не десе де,
Бұл түні Жанар ғана айыпты еді...
Жанар қыз қайтса қиял ізін қуып,
Ауылы азан-қазан. Ызың-шуыт.
– Қоңырым, қанатым! – деп еңіреген,
Сүйеніш сыртына сап жүзін суық.
Дейді ол:
– Ақылымды берем ем көп,
Кетпеген шығар бəлкім «серуендеп».
Тақымға басып жатыр əйелі де:
– Бейбаққа қайдан ғана сеніп ең» – деп.
Күйеуімнен ауылға үлкен бүлік кепті,
Сол бүлік бар үмітті үгіп кетті.
– Ақботам!.. Ойбай құдай!... Сорлаттың! – деп,
Анасы боздап қапты жұлып көкті.
– Қаншама тарылсақ та, сабылсақ та,
Іс өтті. Ақылға кел, сабыр сақта! –
Тəкең қарт жұбатып жүр тоқтау айтып,
– Қой, кемпір, тірлікті құрып жаның сақта!?
– Е, сорлы!
– Қызға кесел амырақ– деп,
Жанарды қоршады жұрт жамырап кеп.
– Тəңірім! Көз жасымды көрдің бе шын! –
Анасы құшаққа алды аңырап кеп.
Куə қыз баян етіп болған істі,
Жұртшылық өздерінше толғанысты.
– Қуамыз!
– Із кесеміз! – десті жиын,
Төтеден тигізбек боп қолғабысты.
– Наныңыз! Ғажап істің болуы анық, –
Деп Жанар домбыраны қолына алып,
Түндегі сылқым күйді толғағанда,
Жым болды су сепкендей долы халық.
Сұңғыла, ел сыртына көптен қанық,
Сүйеніш отырады да көп толғанып:
– Оу, жұртым! Таусылмайық! – деді бірде,
Серпілді күйге ынтасын төккен халық.
– Қоңыр ат қолды болды қапелімде,
Түспесін жігіт сорға, ат өлімге.
Найманда Құлыбай ер алған болар,
Өптеген ондай сері жат елінде.
Ағайын бүгін таңда алқынбалық,
Келер жыл күзден кейін тартынбалық.
Бір хабар соған дейін болар тағы,
Тосайық «Əліптің де артын бағып»...
Қызбалар:
– Кетсе дағы Балқан аса,
– Қоймаймыз! Қуамыз! – деп анталаса:
Сетінеп ақылды жұрт жатты тарап,
Бұл іске болды дағы таң-тамаша.
Бойына қонды ма екен шын даналық,
Төзімін жатты ма екен шыңдап анық.
Азық қып тəтті күйді жатты Сүкең,
Күніңе үш қайтара тыңдап алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу