Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  253


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қанша жыл керей – найман қақ бөлінген...

Қанша жыл керей – найман қақ бөлінген,
Ала көз. Күрең қабақ, жат көрінген.
Барымта. Жесір дауы. Би кесімі,
Айырған абзал достық, ақ көңілден.
Түйе артып, жылқы қусын, қой ұрласын,
Соғылып жатты дүре, сойыл басым.
Рулы ел шалғай көшкен, шет қоныстап,
Білген де жанжал–ылаң қойылмасын.
Қуғындап жайлы қоныс мекен-елден,
Ескі заң, бақталастық жеке бөлген.
Сол бойда Сарыарқада Найман қалып,
Алысқа Керей көшіп кете берген.
Іші тар, пейілі кең пендесімен,
Сарыарқа ұлан қайыр кең көсілген.
Біржандар жүрген талай салдық құрып,
Сұлудың ұшырасып жеңгесімен.
Сыйысып домбыраға жарты жалған,
Сұлуда ер жігіттің анты қалған.
Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы,
Қазақтың ықыласын тартып алған.
Жалғасқан қарашаға маусымдағы əн,
Ел екен көкірегін қаусырмаған.
Ат күтіп, салдық құрып, əн баптаған,
Найманнан жыршы, күйші таусылмаған.
Шортандай еркін өсіп қайрандағы,
Арылған биден билік, байдан бағы.
Сай болған құбыласы тірлігінде,
Сал екен ер Құлыбай наймандағы.
Жан екен салдық құрып желіп өткен.
Пір тұтып, сыйлайды екен елі көптен.
Жақсы атқа жанын үзген саңлақ екен,
Шешен тіл, домбыраны серік еткен.
Қыран құс, күміс тұрман құймалаған,
Жігіттің дəулеті деп жиған адам.
Ер екен екі айтпаған, ант қайтпаған,
Жарлыға жəбір–жапа сыйламаған.
Жан екен рулы елде асқан бағы,
Тағдырдан соның үшін жасқанбады!
Қалмаған жүйрік, жорға ол мінбеген,
Қыран құс құтылмаған аспандағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу