Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  82


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Туған жерге

Туған жер! Жайлы мекен, дарқан далам,
Өзіңде тағдырым бар арқандаған,
Қиянды қиялымен бөктерлеп бір,
Жүзіңді аймалайтын қартаңдаған.
Қара бұлт почташым боп хат тасыған.
Алтайдың аймаласын ақ басынан.
Қиялым Жалаңашқа қонақтасын,
Өткізсең Өрмегейті қақпасынан.
Өсірген еркелетіп əлем – бесік
Самалың музыканттай əн өңдесіп,
Таулардың төресіндей Бесбоғдаға.
Қиялым барып қайтсын сəлемдесіп,
Аралап туған жердің дөң, белесін.
Шабытым тоқтамастан дөңгелесін,
Құшағын жайып жатса жайсаң елім.
Өмірдің тілемекпін өңге несін?!
Алатау ақ сақалды, қасқа маңдай.
Алматы гүлге бөлеп тастағандай.
Сүйікті Қазақстан – екінші Отан.
Алматы – Улаанбаатар астанамдай.
Өлеңнің жолы қиын, əлегі көп,
Кешіргей! Соға алмасам əдемілеп.
Туған жер! Қабылдап ал өлеңімді,
Алатау, Алматының сəлемі деп.
ІІ
Даламды араласам жорта қойып,
Тұра алмас дарқан көңіл орта болып
Төсінен бұл даланың Нацаагдорж,
Тілдесер топырағы торқа болып.
Алдына аталардың бас иетін.
Елімнің білем жақсы қасиетін.
Қиялымен Сэнгээге де сəлем беріп,
Бас ию, құрметтеу жас ниетім,
Жаныма жыр сарайы салынғанда,
Қиялым жүйрік болып сағымнан да.
Жатамын құшақтасып орманымен,
Сэнгээсін Сэлээнгесі сағынғанда.
Секілді құм кептеген қара тұлып,
Тау жатса мылқаулықтан жаратылып.
Сэлээнгэ сұлулыққа ана болып,
Нəзіктік жатыр содан таратылып.
Мұнда пəк көңілдердің қошы басым.
Біледі мына кеудем, осы басым.
Аунатсам арманымды шалғынына.
Аққуың мені көріп шошымасын.
Жүрсемде бал тілімнен бал ұсынбай,
Ұл едім, еркін өскен сағы сынбай.
Кешіргей! Сэлээнгэнің ормандары,
Мінезім Қобда өзеннің ағысындай.
ІІІ
Төсінде туған жердің гүл өседі,
Тіршілік жер уызын үлеседі.
Бір қаңбақ сонау қырда көктесе де,
Меншігім. Иесі мен түбеселі.
Сонау бір араласам Налайханды,
Толғанбай өткізермін қалай таңды.
Жер – Ана! Өзің туған тіршіліктен,
Адал тер сусыныңа талай тамды.
Бұлт көшсе аспанынан тізбектеліп,
Кеудеңе құс қонбай ма іздеп келіп.
Жатпай ма Тұлба көлім, Дайын көлім,
Күніне жарқабаққа жүз кептеліп.
Жүрсе де қабағыма қырау қатып,
Көрмегем жамбасыма бұрау батып.
Туған жер! Алайыншы сілкіндіріп,
Қиялды топыраққа бір аунатып.
Бір ғана қамын ойлап қара бастың,
Оу, өмір тегін бақыт қаламаспын.
Сенің дəу дауылыңды алмақ үшін.
Келеді құйынға да араласқым.
Қыс келсе аспан бұлты үгітіліп,
Ағаштың бұтағына түбіт іліп.
Керенау бұл даланың тыныштығын,
Жатады тіршіліктің үні тіліп.
Говьда баспаса да күн аптығын,
Көрмейді басқа жерде бұлақ тыным.
Даламда бұлбұл да əнін айта алады.
Қандырып құрыштарын құлақтының.
Еске алып тал – ат мінген ермегімді,
Еске алып қой соңына ергенімді.
Оу, далам, көкірегім көтерілер,
Иіскесем күздегі бір ерменіңді.
Ақша бұлт Бесбоғданың көркі ме екен,
Ақша қар шашы ма екен, бөркі ме екен.
Қарыңды ыстық көрсем О, туған жер!
Өзіме бұлтыңды да төркін етем.
Жүгірсем қияларға ояна сап,
Қарақат, бүлдіргенге тоям асап.
Байлық қой туған жердің шатқалы да,
Қайтейін өлеңіме бояма сап.
Туған жер, Бір бөлшегім уыс талын,
Сен – Ана, топырағың туысқаным.
Көрсем кіл сезінемін өз денемдей,
Денесін құмдарыңның су ысқанын.


IV
Қолына кей құрбымның оймақ батып,
Жүрсе егер өнер дəмін бойлап татып.
Кей құрбым қозыларын ойнақтатып,
Күнгейде жүр емес пе қой қаптатып.
Баяғы қара досым «қомыт балақ»
Үй сап жүр қара тасты жанып қалап.
Кей досым ақын болып шыға кепті,
Туған жер кеудесінен қонып талап.
Туған жер! өзіңнің бір ақ тамағың,
Əн салса мен екі есе бақ табамын.
Жүргем жоқ «ала қойды бөле қырқып»
Өзімше өзің болып мақтанамын.
Шын бар ма биігіне өрлетпеген,
Сонда да ерлігімді көр деп келем.
Тисін тек тілім тасқа таңданамын,
Досыма дала төсін өрнектеген.
Кешегі өзің туған бала-шағаң,
Болыпты-ау бəрі бірдей тамаша адам,
Жекпе жек өмір – өлім белдескенде.
Таныдым көп қызыңды арашадан.
Депсің де: «Еңбегіңмен жанып шындық»,
Біреуін өсіріпсің балықшы қып.
Кейбірі өз қойнына қолын салып,
Жиып тұрып тыққаныңды алып шығып.
Бағынып табиғаттың тағысы да,
Кей ұлың дейді: «мені, танысынба».
Алтайдан сыйға алған көп ағашын.
Тіркеп жүр Қобда өзеннің ағысына.
Өзі боп мұңдасым да, сырласым да,
Бір қызың сенше күліп тұр қасымда.
Қызық-ау, «вожатый» деп аталыпты,
Бір туған қоян жылғы құрдасым да.
Болсам деп мен де сенің ақын ұлың,
Өмірге жасап келем батыл ұғым.
Туған жер! Мені өзің туғандықтан,
Сенімен мақтануға қақылымын.
V
Боранын бастан кешкен талай күздің.
Жарықтық жақсы адам ғой ағай біздің.
Быт-шыт қып келгенімде қайыс арқанын,
Деп те бір сұрамайтын: «Қалай үздің»?
Бірі еді ағайымның өр кейпінің,
Дейтіні: «Өмірді өзің көркейт, інім»
Еске алам сол кездерді, еске аламын.
Анамның алабота өртейтінін.
Борышы көп те шығар ағалықтың,
Ақылдан жылы сезім самал ұқтым.
Отырып кешке қарай əлі есімде,
Соғатын ертегісін сан алыптың.
Дəл бүгін түсінерім, анықтарым,
Туған жер! Сен екенсің алып қарын.
Күн сайын, апта сайын өзің тудың,
Сондағы ертегінің алыптарын.
VI
Жанымда күй көптен бе, жыр көптен бе?
Осынау жастық атты дүрмектен бе.
Ойларым тау басына қонақ болып,
Ұқсайды толқын жаным нұр көктемге.
Жанымда жыр көптен бе, күй көптен бе,
Көлдегі сырласамын үйрекпен де.
Əніме жартас қосса «музыкасын».
Қуандым өмір өзі үйреткенге.
Білерім күй ғана ма, жыр ғана ма,
Аң қудым құмдарыңнан сырғанама.
Жаз бойы «Дайын» көлден балық аулап,
Тілдестім «Қолағашта» тырнаға да.
Кеудеме адамдықтың үйі қыстап,
Арымды арманымнан биік ұстап.
Туған жер! Сен – бар жерде шалқып басып,
Келемін жыр құшақтап, күй уыстап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу