Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  74


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бөбегіміз сырқатты...

Күндегідей жүр ғой деме бəлсініп,
Əбігерміз тағатымыз таусылып.
Бүгін біздің бөбегіміз сырқатты.
Бүгін біздің көңіліміз сəл сынық.
Күндер қайда əзіл айтып алданбақ,
Отбасының отын-суын армандап.
Тыныштықтың кəдірін де таныдық,
Ұзақ түнді ұйқы көрмей алғанда-ақ.
Сəл босасақ күдік келіп торлайды,
Сəл бекінсек үміт келіп қолдайды.
Сəл тыныстап көздің алса шырымын.
Үй ішіне үндеместік орнайды.
Енді оянса көзін ілмей өтердей,
Қынжыламыз сəл дыбырды көтермей.
Біздің үйде бөбегіміз сырқатты,
Жөтелсеңіз, ақырындау жөтелгей?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу