Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  110


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Мектеп – сенің мерекең!

Бозторғай көкте əндеткен,
Дүние нұрмен тұнғандай.
Алаулы еді таң неткен!
Шуақты еді күн қандай!
Сентябрь туды арайлап,
Думанға бөлеп өңірді.
Көңілді қандай бар аймақ,
Бөбектер қандай көңілді!
Айнала неткен нұрлы едің,
Алқызыл шапақ боянған.
Балбөбек тозбас жырма едің?
Алаулы таңмен оянған!
Таң сенің, бөбек, пəктігің,
Жүрегің əлде жиі ұрған.
Сентябрь сенің шаттығың,
Мерекең болып бұйырған.
Асулар жатыр əрі де:
Күтеді қызық не түрлі.
Кеудеңде сенің бəрі де,
Арман боп тұнған секілді.
Құшағы тола даналық,
Ортасы толы думанды.
Сен үшін мектеп жаралып,
Сен үшін ұстаз туған-ды.
Арманым шыңдап əн, күймен,
Жаныңа жастық гүл еккен.
Мектебің – əне, əлдимен,
Қойнынан қыран түлеткен.
Осынау сыйлы үйге енсең,
Білімнің бағы мəуелі.
«А» деген əріп үйренсең,
«Адалдық» деп жаз əуелі!


Мектептен өмір бас алған,
Ғылымның жолы мұндалап.
Мектептен гүлдеп жас арман,
Шығады биік шыңға нақ,
Сан қилы жол бар тым алыс,
Қайсысын қалап таңдайсың.
Қойныңа толып қуаныш,
Бақытқа қарай самғайсың.
Ғылымның шыңы əрі де,
Қаларсың бірін ұнаған.
Үлесің сенің бəрі де,
Бəрі де сенің сыбағаң.
Жанында тыным болмаған,
Жақсылық тілеп жүрегі.
Адамның жанын қорғаған,
Дəрігер де мектеп түлегі.
Қолынан сан үй қалаған,
Құлашы – құрыш көсілген.
Ерлерді көрсең қаладан,
Оны да мектеп өсірген.
Күн болып күлсе жаңа адам,
Жасампаз еңбек сапында.
Осынау үйден тараған,
Əнші мен биші, ақын да.
Нұрынан күннің нəр алып,
Еліңе шуақ төгерсің.
Бойыңа қонып даналық,
Жүрегің болсын көгершін!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу