Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  59


Автор: Талғат Орманов

ДАРХАНДЫҚ

Азат елде Арайлы атқан таң күліп,
Қадірлейміз өзіңізді жөн көріп.
Арқасында Дархан апай бойыма,
Сіңген тәлім, сезім-ождан мәңгілік.
Қиянаттан аулақ ұста бойыңды,
Ширата түс,сергек ұста ойыңды.
Деген сөзің әлі күнге жадымда,
Күні бүгін шымырлатқан бойымды.
Алтыншыда оқып жүрген кезімде,
Тас атқылап, қорған бұздық бесінде.
Шарқ ұрғансың Қарлығаштай бәйек боп,
Көп алдында қызарғансыз есімде.
Педсоветке салып ұжым қинады,
Талай жылтыр басқа «бедел» жинады.
-Соңғы сөгіс алды Дархан ,-деді әкем,
Қиянатқа сендерді еш қимады.
Тал бойымда сол мінезің секілді,
Бәлкім содан болар сөзім өтімді.
Қара қылды қақ жаратын қазақ боп,
Кекілді ұлың бүгін апай жетілді.
Кластастар қадіріңді біледі,
Шәкірттердің сағынышта жүрегі.
Сыртта жүріп «қағынатын» достарым,
Кездескенде қалжыңдасып күледі.
Ән бұзылмас әуелете салғаннан,
Тектілікпен өту арман жалғаннан.
Азат елді басты мақсат көркейту,
Дархандықты алғам Дархан апайдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу