Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  141


Автор: Жанат Әскербекқызы

Қаз қанатындағы ғұмыр. Қорқыт.

Қаз қанатына қолым жетпеді
Қорқыттан үркіп қаңқылдап ұшқан.


Ойымнан үрей...өлім кетпеді,
Құлағым тұнды қарқыл-дауыстан.
Қобыздың үні күңіренеді,
Қорқыт-арманды шер қылып төгіп.
Қаз қанатына ғұмыр ереді,
Үміт, күдікті тең қылып керіп.
Қаз қанатына шаттық ілесер,
Қорқыт-жалғанға қол бұлғап көктен.
Тірліктің соған тәтті үні көшер
Өзегін өксік...сор былғап кеткен.
Қорқыт-жанымды күдік бұғаулап,
Ұмсынып көкке бұлқынамын кеп.
Сүрініп кетіп, тұрыппын аунап,
Құс қанатына ұмтыламын деп.
Құс-ғұмыр көкте налып барады,
Қобыз үніне сұңқылын қосып,
...Ал, жерде тірлік қалып барады,
Беймаза күннің күңкілін кешіп.



Астана, 22-қазан 2003




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу