Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  76


Автор: Жанат Әскербекқызы

Бұлт

Кеуде тосып самалға жүзеді бұлт,
Бауырынан тамшыны үзеді бұлт.
Батыстан бата алды да жол болсын деп,
Бағытын күн шығысқа түзеді бұлт.
Кербезсіп, кеңістікте маңады бұлт,
Тауларға тәкаппар боп қарады бұлт.
Төменнен бір аңсарын көріп қалып,
Мөп-мөлдір сағыныш боп тамады бұлт.
Кенеттен ... ашу қысып, бұлқынды бұлт,
Аспан мен Жер көңілін бір түрлі қып.
Көкірегі қарс айрылып күрсінгенде,
Найзағай жұбатады үркіп жүріп.
Кеудеден ағыл-тегіл мұң ағылып,
Бір сәтте өксіп-өксіп жылады бұлт.
Дүние егіледі бой-бой болып,
Ал, таулар, аң-таң қалып тұр аңырып.
Көз жетер көк төсінде жүзіп жүріп,
Салады бір әуенге үзілдіріп,
... Жердегі мына менің көңіл-күйім
Ақ бұлт, қара бұлт, қызыл бұлт.



Астана, 2003 ж. 21 шілде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу