Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  71


Автор: Талғат Орманов

АНАМА

Шықпай-ақ, тіршіліктің азарынан,
Ұл-қыздарым танбасын жазарынан.
Деп, - сексен сеңгірінде Жамал анам,
Күліп қайтты өмірдің базарынан.
Әкем Садық, болған соң Жамал анам,
Көтерілді ертерек менің санам.
Сіңірді балдаурен шақ шежірені,
Жатқа соқтым жырларды, маздап жаным.
Оралмай ағасы Әбу қан майданнан,
Хабар береді бұл дағы терең жайдан.
Өксіп қысқан көңілге Халық - Ғани,
Су сепкендей шүкірлік, айдай арман.
Замандардан Әзберген көші келген,
Бұл әулет ерекше бір несіменен.
Десең бауырым, - біліп ал, иман таза,
Текті ұрпақ болған соң, өсіп- өнген.
Ұлттық-дәстүр сақтаған бала жастан,
Бәтуә сөз айтқанда еш таласпан.
Небір шонжар, байларды - ұрпағы ұқпайды,
Аллам әркез Иман бер, заңғар аспан.
Дос боласың пенделікке қарамастан,
Сырты сұлу әулет көп араласпан.
Перде көңіл жаншуақ аңсағанда,
Бақытты ұл түсінер көзқарастан.
Жаным сұлу жандарға жақындағам,
Рухым барда бойымда ақын болам.
Азат елдің ұрпағын жетелеумен,
Мен де келем, жебей көр Шымыр бабам.
Асқар таулы ағаға мен де ерем,
Зиялы жандары әркез жақсы көрем.
Жаны таза, ал рухы асқақ- биік,
Тыныстауға інілер кеңіл бөлем.
Деген Мұхтар: «Ел болсаң, бесік түзе»,
Жат тірлік сын болады сіз бен бізге.
Көп болып елулікке қадам бастық,
Кететін жау емес қой, күдер үзбе.
Ізгі жасқа көргенді баяндайық,
Айтар ойы бар болса аялдайық.
Тәуір тірлік қозғаса ұрпақ үшін,
Төбеге көтеріп-ап, аялайық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу