Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  102


Автор: Талғат Орманов

КҮЙ-БЕЛЕС

Жындыға балап талай сырт,
Тәуірлеу көрген қауым-жұрт.
Ақылы асса деген ғой,
Бала да болса дана тұт.
Қазағым көрген талай жұт,
Тарыдай шашып деген зыт.
Дүрбелең шақта Арыстар,
Жан қиып ұлтқа, болған құт.
Арманым менің күй-белес,
Байлық та мансап күй емес.
Жанашырсымақ мақсатым,
Қос қанат салар үй емес.
Көкжиек қиял алыста,
Самғағың келсе қалыспа.
Туылғам Юрий Гагарин,
Ұшқанда күні ғарышқа.
Әкем де қойын сойыпты,
Атымды Юра қойыпты.
Арқасы Сусар апамның,
Келіспей атты жойыпты.
Жоқ па деп қабақ тырысқан,
Денесі апам құрысқан.
Қос жұлдызды Талғаттай,
Бар ғой деп ұшқыш ұрысқан.
Зерделі апам зәру-ақ,
Секілді еді әруақ.
Енген де шығар аян боп,
Түсіне бабам бір уақ.
Инеге жіпті ілгенде,
Құлпырар әлем күлгенде.
Кимешек киген хас шебер,
Ойылар ою білгенге.
Айтқанға жұртың көнер ме,
Дәстүрім ұлттық сөнер ме.
Дегендей кілем айшықты,
Тірліктің мәні өнерде.
Апам да, әкем бір елес,
Күлкі боп жүрген жөн емес.
Одақ та тарап енші алдық,
Талғат боп жандық шоқ емес.
Үрледік елдің көрігін,
Тең бөліп жұрттың телімін.
Алланың, сосын Сусардың,
Ақтасақ екен сенімін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу