Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  104


Автор: Талғат Орманов

ӘНШІ ҚАРЫНДАСҚА

Шаян - өнер қайнарбұлақ бастауы,
Таланттармен ашық әркез аспаны.
Жан жүрекпен көрерменге сыр шерткен,
Арулар көп сылдыраған шашпауы.
Гүлбаршындай сұлу соның бірі екен,
Домбырамен салған әні ірі екен.
«Шаян барсаң әншімін деме» деген,
Кемеңгер Мұхтар сөзі тірі екен.
Азат елде өмірге жоқ қапасы,
Сазгер-әнші шырқаған ән сапасы.
Көрінеді, Зеберше мен Гүлсімдей,
Ғалиядай ұстазынан - апасы.
Нәзік үні шырқалғанда көктемдей,
Әуезді әні мол шуағын төккендей.
Қарсы алады, тамсанады қол соғып,
Көрерменге күміс күлкі сепкендей.
Өнерпаздың берер әділ шешімін,
Есенжолов төрелігі кесім-үн.
Ән айдында қалықтаған сен Аққу,
Байқауларда жүлде алған есімің.
Шаршамайтын қарындасым еңбектен,
Тал бойыңда қажыр-қайрат көп неткен.
Мойымайтын қиындыққа өзіңдей,
Әз аналар тал бесікті тербеткен.
Ақын болып саған өлең өрейін,
Жыр маржанын қара сөзден терейін,
Шырқа биік қарындасым, қалыспа,
Байқауларда биік болсын мерейің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу