Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  148


Автор: Талғат Орманов

Бас бәйге алам, өкінбеймін бермесең...

Бас бәйге алам, өкінбеймін бермесең,
Сусап ішіп, қанбаса шөл, келмес ем.
Сіміруде емес тірлік, сіңіру,
Ұлт тірлігін қалай қолдап, жөндесем.
Арыстарын қадыр тұтқан алаулы,
Ұлтжанды ұл - Қожановтар санаулы.
Күйкі тірлік күйбеніңде ісі жоқ,
Халық мұңын жыртқаннан соң - қалаулы.
Әдет-ғұрып, тілдің жайын қозғадың,
Бостандыққа жетсе елім, - деп «боздадың».
Тұрар, Ораз, Сұлтанбектей «ұлтшылдар»,
Жанын қиып, биік еткен ожданын.
Тәуелсіз ел, қадам бастық 13-ке,
Деген қазақ, Отау еге 13-те.
Қазақ тілім Заңы шыққан - тұсаулы,
О, Сұлтеке, кешіре гөр, бәрі іште...
Қалаулы көп, шүлдір сөзі өтпейді,
Өз тілімді, өз елімде шеттейді.
Қарақылды қақжарар Өзіңіздей,
Бас тігетін, қайраткерлер жетпейді.
Қаптап арсыз, шетел фильм дүрдараз,
Ұлтыма жат, берілгелі ол біраз.
Көкпар, бәйге, құсбегілер өмірі,
Ұмыт қалды, арналардан жұрт араз.
Сүгірді ойлап, Төлегенше толғанам,
Толғанам да қылқаламды қолға алам.
Батыс, Арқа елдерімен теңерген,
Таластырды - қос тұлғаны, мұңданам.
Кеңесбаев, Кенжебаев ойлы адам,
Аз ба ғалым, мерейтойы тойланған.
Биыл 100 жыл, Бейсекеңе жұрт аман,
Қоңырлау Күз, жүрекке сыз-ойланам.
Ұрпақ үшін, үміт - өмір сүремін,
Алға тартып, келем баба сілемін.
Сабыр берсін, Елбасыға халайық,
Еркін елдің жарқын етші іреңін.
Бейбіт - еркін, Азат мына заманда,
Кез-келген соң, шоқ боп маздап жанам да.
Асқақ ақын, рухыңменен жебеп жүр,
Бір шумақпен қалған мәңгі санамда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу