Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  64


Автор: Талғат Орманов

АЗАТТЫҚ ЖЫРЫ

Азат елде тоңбаспын,
Жан сырымды ақтарам.
Тәуелсіз ел солмаспын,
Бейбіт күнмен мақтанам.
Асыра сілтеу- нәубаттар,
Қазақтың бағын байлаған.
Арыстар жазған мұң хаттар,
Ел қамын шертер ойлаған.
Найзаның ұшы әкелген,
Елімнің ыстық тау-тасы.
Соғыста Жеңіс әперген,
Ардагерлер арқасы.
Жүректен ақын төкті өлең,
Өкпе жоқ ұлтқа наласы.
Садықұлы боп келем,
Майдангердің баласы.
Отанды сүйіп тербеген,
Әкеден алған тәлім-ді.
Жігер-Рух бойды кернеген,
Келгені қанмен мәлім-ді.
Шыбық қадап, еккен тал,
Өнеге тірлік – қасиет.
Төрт түлік жайлау толған мал,
Айтсаң ғой аңыз-өсиет.


Береке қонған аталар,
Мың алғыс, құрмет Сіздерге.
Ақсақал берген баталар,
Қабыл да болсын біздерге.
Айтатын сөзім табылар,
Ақынның жыры ағылар.
Болмаса алшақ іс-сөзің,
Ұрпағың әркез сағынар.
Жаңа ғасыр ғұрпыма,
Нұрлы шуақ бергендей.
Бозторғай заман ұлтыма,
Ырыспен жұртым келгендей.
Ұйытқысы Ұлыстың,
Болған дәйім Оңтүстік.
Мағыналы тұрмыстың,
Сәні болған Оңтүстік.
Келген барлық қонаққа,
Дастарханы жайылған.
Жас өркенді құраққа,
Ел ертеңі байланған.
Тиянақты әр күні,
Білгін баурым, ұғып ал.
Тыныштықта әр түні,
Шымқалада жүріп қал.
Кешке қызған саудасы,
Жарқыраған кафелер.
Дұрыс мұнда «аурасы»,
Алақанда мәпелер.
Шымқаламыз шырай кент,
Жылы қабақ бағады.
Санаған тиын студент,
Берсең шайлық алады.
Осылайша өмірім,
Өтіп жатыр бауырым.
Елбасының әмірін,
Айтпай ұққан қауымым.
Желтоқсанда елжіреп,
Бақи озған құрдастар.
Көгімде Ту желбіреп,
Еске түсер сырластар.


Тәуелсіздік тұғырым,
Дейді,- Алға адымда.
Шықпай жұрттан ығырым,
Есте достар жадымда.
Олар кетіп, біз қалдық,
Ойлан бауыр-замандас.
Өркениетке із салдық,
Шетелмен тең амандас.
Шырайына шырай қос,
Азат елім гүлденсін.
Елбасымыз көппен дос,
Өркенді елім түрленсін.
Мұндай елді көрмедім,
Еуропаны шарлап та.
Құлашты кең сермедім,
Туған жерді ардақта.
Ата-ана қадірін,
Білгін аман кезінде.
Талант берді Тәңірім,
Бірлік, тірлік сөзімде.
Жетісіп жүрген ешкім жоқ,
Қиянатты ойлама.
Тіл мен ділім жалғыз оқ,
Жүргін Ел, - деп ойлана.
Білсең бауырым, береке,
Әрекетті тірлікте.
Торқалы той мереке,
Баянын берсін бірлікке.
Өткен күнде білсеңдер,
Кеткен талай ақым бар.
Халқым көзге ілсеңдер,
Жырлауға ұлтты хақым бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу