Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  290


Автор: Талғат Орманов

АҚПАН

Балаң шағым табиғатта жарасым,
Деп жүргенде көрсетпей үй арасын.
Бозборанды соққан алғаш ақ түтек,
Бүлдіршіннің өзгерткендей санасын.
Ақпан айы уілдеген кешінде,
Қаратаста дәл бүгіндей есімде.
Қоржын тамда он бір жан жүр жайдары,
Бір Сусардың арқасында өсуде.
Апам тіккен сары тонға жабылып,
Жатушы едік құшағынан табылып.
Әке, шешем мал жайғайтын күн ұзақ,
Шылп-шылп тірлік, қалжырайтын сабылып.
Бет қарыған аязымен тулаған,
Керзі етікпен мұзда балдар шулаған.
«Ақбозаты» қатқан мұрт та шырайлы,
Қызық - суық шақтар елес зулаған.
Қарш-қарш аяз, қызарған бет алмадай,
Құлағандар тұруын бір қоймады-ай.
Аппақ әлем, мұз құрсаған ғажайып,
Жылап-күлген періштелер тоңбады-ай.
Сол Қостұра қалың елім жайлаған,
Бірлікті ойлап Боралдайды бойлаған.
Күйкі тірлік қамын жеген көбейді,
Қуаңшылық белгі алуда, ойланам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу