Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  82


Автор: Талғат Орманов

ҚЫЗЫЛ КҮН

Өмір сүріп келемін жер бетінде,
Нұр ойнайды адами келбетімде.
Әр күніне шүкірлік айтып өткен,
Қазақпын мен шыныққан жел өтінде.
Атқан таңым сыйлайды маған үміт,
Күш береді қызыл шырай күнім күліп.
Жаратушы мүмкіндік берді, шүкір,
Кірісейік еңбекке білек түріп.
Несібені тарыдай шашып берген,
Пендеміз біз жалғанда жинап-терген.
Бозарып таң, қызарып күн шығады,
Тәулік солай өтеді маңдай термен.
Аспанымда тұрады қызыл леген,
Күнім ғой ол шаттықпен күлімдеген.
Алаулайды от болып батарында,
Дегендейін «бол аман, ертең келем».
Ей адамдар, салынба жат қылыққа,
Тірлік мәні тәубеде, құлшылықта.
Біле білсең бақыт қой таңды көру,
Батқан күнді күзету тыныштықта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу