Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  83


Автор: Байыт Қабанұлы

ӨТКЕН КҮННЕН ЕЛЕС

Қоныс деген досым бар ед
жасымыздан бірге оқып, бірге өскен,
Арамызда іс болмаған артық ауыс
көз алартып күндескен.
Әскерге де бірге барып, бірге келдік,
қызға бірге сөйлестік,
Кезіміз көп сауық-сайран, той-думан деп ұйқы
бөліп түн кешкен.
Жарқылдаған есіл жігіт
ақкөңіл де асқақ еді өр үстем,
Дос жаранның жақсылық пен жамандығын
өз басына келгендей-ақ бөліскен.
Сүйген сұлу қызы бар-ды
оқушылық бала кезден
бал жаласып бал сезімнің жетегіне еріскен,
Көп кешікпей үйленуге
серт байласып келіскен.
Қыздың аты «ӘЙМЕН» еді,
Қоныс оны: «ӘЙБӨПЕ» деп еркелетіп
өліп кете жаздайтын,
Мөлдіреген қара көздің
жалынымен бірге өртеніп маздайтын.
Бірге отырып сағынатын екі дене бір адамдай
құшақтырын жазбайтын,
Арманынан азбайтын...
Жастар едік, албырт едік
махаббаттың майда сезім
желігіне жел берген,
Балғын едік бал қыздардың еріні мен
ерке шора қылығына емделген.
Албырттықпен тары мына дүниенің тарылығын
кең көрген,
Ойхой дүние, қайран достар
бақытты едім сендермен.
Сол Қоныстың үш жас үлкен жаным деген
жалғыз туған ағасы,
Жиырма үш-ақ ер жасында
суға кетіп қайтыс болды азаматтың сарасы.
Қалды артында әйелі мен екі сәби баласы.
Қан қақсады менің досым,
көздерінен қан аралас жас ағызды
атасы мен анасы.
Жесір қалған жеңгесі де
сабақтас боп бірге оқыған біздермен,
Қарапайым қырдың қызы болатұғын
жан жары мен сәбилерін
бақытты ету үшін ғана ізденген.
Қоңыр майда мінезі бар
әсем сылқым келіншек,
Жан жолдасы бар кезінде
нағыз бақыт иесі еді
гүл-гүл жайнап жүзденген.
Өз үйіміз секілді еді
аунап-қунап жатушы едік,
ағасы да асыл жігіт болатын,
Үлкенмін деп бәлсінбей-ақ
ойнап күліп жүретұғын,
біз барғанда орталары толатын.
Үштен асқан тентек ұлын
«ұрлап кетсек» іздемейтін,
үлкендерге жатушы едік ұрсылып,
Аздап-мұздап ұрттап қойсақ
сол үй еді үйімізден «қашып» барып қонатын.
Амал қанша жалған деген
жалған екен алдады,
Аямады қатты соқты балғаны.
Бір жыл өтті,
бір күн менің Қоныс досым жылап келді
ес түсінен жаңылып,
Оның енді маздатуға әзірлеген
шамшырағы жанбады.
Шаршағанда, шалдыққанда
қандай пенде ауызға алмас тобаны,
Терістіктің қара желі соғарында
теріс қарап теріскейден соғады.
Сол дауылға ұрынғанын
жылап тұрып айтты маған жан досым,
Сұм, салдақы бұл өмірден таңданбай-ақ бәрінбәрін күтуге де болады.
«Досым, досым сенесің бе
құдай мына ұрды менің төбемді,
Арманымның мойынына салды адамдар,
(ең ғажабы өзім тілеп іліндірдім)
салмалы арқан, көгенді.
Осы сәттен бастап міне
Қоныс деген азамат жоқ,
тірі өлік бар жалаң аяқ тікен кешіп жүгірген,
Себебі сол:
Әйбөпемді отқа тастап,
Әз басымды қоққа тастап
жеңешеме үйленемін мен енді.
Солай досым, басқа сөзді сұрай көрме,
өйткені мен тірі емеспін, тек мүсін,
Өзім таңдап алғаннан соң өкінбеймін
көріп өтем көмескі өмір тепкісін.
Өртке оранған Әйбөпені ішке сақтап
көрге бірге құлармын,
Жиырмасыншы ғасырдағы
маздап өткен махаббаттың мүсәпірі
деп түсін»
- деді досым, басқа ештеме айтпай қойды,
қайтып бізге жоламады
тымырсық бір күн кешті,
Іздеп барсақ үн қатпады тіл кесті.
Біз білетін аппақ жарқын Қоныс емес,
басқа адам боп өзгеріп,
Нұр төгілген келбетінен
түн төгіліп жеке дара жетектеді бір көшті...
Ал Әймен қыз шерге толып көкірегі,
жасқа толып жанары,
Күңіреніп арман еткен
аққу мен қаз шуылдаған аралы.
Аз уақыт ол да үнсіз жауар күннің аспанындай
түнек күндер кешіріп,
Жым жырт болды,
қайтып бізге естілмеді хабары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу