Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  636


Автор: Есләм Зікібаев

АТАМДАЙ БОЛАМ

Атам сыйлы болыпты өңірінде,
Жұрт аңыздай айтады оны күнде.
Ең ғажабы –
Жазықсыз еш пендеге
Қиянат қып көрмепті өмірінде.
Атам жайлы естіген көп əңгімем,
Жаза берсем, бір кітап болар білем.
Көзі тірі бар талай құрбылары,
Шежіредей шертеді солар кілең.
Жауырыны жерге тимепті күрескенде
Көкпарды ала жүріпті тірескенде.
Олжаланбай,
Жұртына таратыпты
Сан жарыстың бəйгесін үлескенде.
– Тілейтін елдің аман-есендігін,
– Дейді жұрт:
– Атам қандай? – десем бүгін.
– Қақ жарар қара қылды əділ еді,
Жеткізу қиын сөзбен шешендігін.
Кезінде сан сайысқа араласқан,
Ғұмыры, – айта берсе, – дара дастан.
Сұранып соғысқа өзі аттаныпты,
Жасының асқанына қарамастан.
Болсын деп Адам азат тегіс бүгін,
Тілеген тыныштығын жер үстінің.
Сол үшін Берлинде өзі мерт болыпты,
Көре алмай ертең келер Жеңіс күнін.
Атам жайлы аңыз көп осы өңірде,
Атын берген ауылдың,
Көшенің де.
Елі есімін айтатын мақтанышпен
Мен де атамдай боламын,
Өсемін де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу