Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  108


Автор: Есләм Зікібаев

ӨМІР ТОЛҒАУЫ – КӨҢІЛ ТОЛҒАМЫ

Бірде ашық көңілім, бірде тұман,
Бір беті мұң өмірім, бір беті əн.
Құдай қосқан жарымдай қосақталып,
Өмір бойы солармен бірге тұрам.
Ұйқың келсе, маужырап күн батпайды,
Ояу жатсаң, албырап таң атпайды.
Қайшылығы бітпейді бұл ғұмырдың,
Ашу жеңсе, ақылға қаратпайды.
Қара нөсер тынымсыз жауған мына –
Ішпеген у,
Түспеген дау қалды ма?
Соның бəрі көңілді көр білте ғып
Ұмыттырар құдайды,
Тəубаңды да...
Досы барды қамалап дұшпаны жүр,
Басқа қонған бағың да –
Ұшалы гүл.
Барды, жоқты ұмытып кетердеймін,
Құрсауына ап тас тағдыр қысқалы бір.
Берер ме Алла əр кезде сұрағанды,
Көрдім талай жабығып жылағанды.
Өткен-кеткен заманда естімедім
Жеттім деген арманға бір адамды.
Бір күні бұлт тірліктің,
Бір күні нұр....
Адамныңда да жер басып түр-түрі жүр.
Көз алдымда сағымдай сылаң қағып,
Жеткізбейді қусаң да түлкі-ғұмыр.
Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген,
Жақсылық бар жанымды жүдетпеген.
Кейінгілер ізіңді қайдан білсін
Адам ба адам артына гүл екпеген.
Кейде шалқып,
Бəсеңдер отым кей күн,
Жазғанымнан ұрпағым оқыр кейін.
Адам болып жаралып,
Адам болып
Өтсем фəни жалғаннан өкінбеймін.
Таусылмады тірлікте толғанысым,
Күн мен Түндей қайшылық толған ішім,
Намыс буып,
Ызамен ыңыранып,
Жатыр бұғып кеудемде жолбарысым.
Ұйқы қашты мезгілсіз неге менен,
Күлкім ащы,
Боламын елемеген.
Өн бойымды мың ине шабақтайды,
Шырылдатып қаққандай шегеменен.
Көп іздедім інжуді ойға қанбай,
Нұрым төктім талайға толған Айдай.
Келгенің не өмірге, кеткенің не –
Ізсіз өтсең ештеңе болмағандай.
Жатыр күндер алмасып түндерменен...
Берерім көп,
Тек беріп үлгермеген.
Ойдағының бəріне жете алмайсың,
Өтеріңді дүниеден білгенменен.
Бойыңдағы барыңды, нəріңді алған
Азын-аулақ жастықтан жалын қалған.
Барған сайын қызуы, қызығымен
Ыстық тартып барады жарық жалған.
Бабалардың өмірін жалғасын деп,
Келеді арман əзірге алға сүйреп.
Шабыт берді бойыма талмасын деп,
Қанат берді ойыма самғасын деп.
Мөлтілдеген көзде жас,
Көңілде – мұң....
Шарасынан шайқалып төгілгенін
Қиналсам да сан көріп,
Құлағам жоқ,
Жездем емес еркелер өмір менің.
Ойсыз өткен күнім мен түнім жарым,
Білмей келем тірлікте тыным барын.
Кейінгілер ішінен көп жырымның
Айтып жүрсе біреуін РИЗАМЫН!
Қимас ғұмыр –
Кім кетіп, кім келеді,
Барыңды алып,
Жоғыңды кім береді?
Əркім шама-шарқынша күн көреді,
Айта берсем,
Қызыл тіл күрмеледі.
Бірде ашық көңілім,
Бірде тұман...
Бір беті мұң өмірім,
Бір беті – əн.
Өлгенде де солардан жұбым жазбай,


МƏҢГІЛІК тұғырында бірге тұрам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу