Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  72


Автор: Есләм Зікібаев

АЙНАЛАМ АППАҚ ЕКЕН

Қасымда аялаған асыл жарым,
Көңілімнің көргендеймін тасынғанын
Анам бар, балам да бар, бар тағы да
Мен сүйген,
Мені сүйген асыл жарым.
Көңілімнің көремісің тасынғанын,
Мойныма жас балаша асылғанын
Дүниенің махаббатқа бас ұрғанын
Асыл жарым,
Мен де сенің қасыңдамын.
Дүние теңіз құсап тербелгенде,
Нұрланып, көрік беріп ел мен жерге.
Басқадай бар əлемді ұмытатын,
Көңіліңмен шуақ шашып сен келгенде,
Ойласам мына дүние таңдай жарық
Түнде де тұратұғын шамдай жанып,
Ғажайып суретінен көз ала алмай
Қараймын қайран қалып, таңдай қағып.
Айналам аппақ екен, ашық екен,
Төңірек көзді арбардай жасыл екен,
Қанша жыл өтсе дағы аңғармапын,
Өзіңе өлердей-ақ ғашық екем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу