Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  59


Автор: Есләм Зікібаев

СЫР

Тірлік заңы кей-кейде қатал-ақ тым,
Арнасында өмірдің қатар ақтым.
Бірақ сонда кезікпей өзіңменен
Не екенін де білмеппін махаббаттың.
Қарсы алғандай жазира дала таңын,
Жайды сезім сəбидей алақанын.
Мен отырдым аялап сол сезімді
Ата құстай түлетер балапанын.
Тұңғиыққа тіреліп жол таба алмай,
Қарайын өзіңе айтар қолқа бардай.
Жанарың бір жалт етсе,
Жүрегіме
Ұшқын түсіп, сол замат өрт алардай.
Сыбағасын тарта ма сый деп əр күн,
Сен əйтеуір еркімді билеп алдың.
Шынымды айтсам,
Бұл күнде өзге тұрмақ,
Өзімді-өзім түсінбес күйде қалдым.
Қарсы келсең от болып жетер демің,
Алдың ба əлде еркімді бекер менің.
Егер саған өмірде кезікпесем,
Махаббатты білмей-ақ өтер ме едім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу