Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  67


Автор: Есләм Зікібаев

ӨЗ ЕРКІҢДЕ

Көңілдің желігін-ай,
Кесіріңнен сақтай көр мені, құдай.
Арманымды арманыңа қосқанымда –
Ренжітем деп пе едім сені бұлай.
Бір сиқырға жолықтым,
жолықтым мен,
Түсіме де ол хор қызы болып кірген.
Еркімді алды қайтейін –
Сол заматта-ақ
Алды-артымды шырмады торып бірден.
Содан,
Содан түстім мен уысына –
Білмедім –
Əзəзілдің туысы ма.
Ал соңынан ұрыстым өзіме-өзім –
«Бүйтіп жігіт болғаның құрысын, ə!»
Бұрыла алмай соқпақпен кете бердім,
Оралмадым,
Сол жолды төте көрдім.
Адастым ба,
Білмедім, алжастым ба,
Құлап түстім,
Қайтадан көтерер кім?
Көтерер кім,
Білмедім ол арасын,
Бір кеткен соң қалайша ораласың.
Ештеңені көрмедім қарманғанмен,
Бүркіттей сыпырмаған томағасын.
Басылмаған көңілдің желігін-ай,
Сақта соңғы апатыңнан мені, құдай.
Арманымды қосып тұрып,
Ренжітем демеп ем сені бұлай.
Жаттанды сөз секілді:
«Кешір» деген,
Шие ойлар көп түйіні шешілмеген.
Қиын екен құтылу құрығынан,
Бір жұғысып алған соң кесірменен.
Үкіміңді айт –
Ризамын не десең де,
Адасыппын –
Жұрт тыныш,
Ел есенде.
Ерік сенде –
Аяусыз шенесең де,
Ерік сенде –
Қатарға ап теңесең де,
Пірім болып бір замат жебесең де,
Тек басқаның сотына сала көрме –
Үкіміңді өзің айт –
Не десең де




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу