Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  197


Автор: Есләм Зікібаев

Сен менің – сыр қайнарым, жыр қайнарым.

Сен менің – сыр қайнарым, жыр қайнарым,
Сен болып еседі жел, жырлайды ағын.
Сен болып нұрланады аппақ əлем,
Сен болып шалқиды əр кез, тынбайды əнім.
Самалдап қайтсын дей ме күн қызғанда,
Сен болып шақырады шың-құздар да.
Көңілім құлазыған кей сəттерде
Сен болып сергітеді жұлдыздар да.
Сен барда төрт құбылам түгел менің,
Сен барда еңісім жоқ, кіл өрледім.
Дүниені өзгертіп жіберетін
Махаббаттың құдіретін білер ме едің.
Аспан, Жер, Тау, Дария... бəрі сенсің,
Тірліктің сəні сенсің, нəрі сенсің.
Өзегі өмірімнің өлтірмейтін
Өзені, қайнар көзі... тағы сенсің!
Қайнардан бастау алып су ағарын
Білесің, бара-бара туады ағын.
Қасиетті сол қайнарым сенсің, жаным,
Қайнар бітсе, мен дағы суаламын.
Сенсің менің шұрайлы шуағым да,
Бар тілегім – көңілімді шүбə қылма.
Мөлдір сезім – көңілдің балапаны,
Сен толғат мен өлең боп туарымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу