Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  56


Автор: Есләм Зікібаев

АҚЫЛДЫМ-АУ

Ақылдым-ау!
Қара басым неге де бақұл мынау.
Алабүлік сезімді арпалысқан
Махаббат деп абайсыз шатылдым-ау.
Қара, күнім!
Іздемесе керегін табады кім?
Айыра алмай жүріппін мыс пен жезден
Нағыз сары алтынның ара жігін.
Ұяттағы,
Құлазыған көңілден күй атпады.
Шаңқай түсте адасып жүрген біреу
Мен болып көрінетін сияқты, əне!
Түсінбедім,
Қанша жерге жетеді күшім менің.
Бар келгені қолымнан –
Махаббаттың
Бейнесін оймен сомдап мүсіндедім.
Мүсіндедім,
Кей-кейде өзіме өзім түсінбедім.
Бақыт болып басыма қона беріп,
Қайта ұшып кетердей құсым менің.
Төзім деген –
Ғажап екен таңдарда көз ілмеген.
Күтудемін сол құсым келе ме деп
Бір кезде кеткен ұшып өзіңменен.
Ақылдым-ау!
Қара басым бəріне бақұлмын-ау.
Сағыныштың саздарын ұқсаң екен
Жалғыз сəті жылдарға татыр мынау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу