Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  56


Автор: Есләм Зікібаев

Жырды сүйген...

Жырды сүйген,
Нұрды сүйген жаныңнан,
Жаралдың ба алаулаған жалыннан.
Отты айналған көбелектей айналып,
Кешір, қалқа, кете алмасам жаныңнан.
Қауіпсінбей құлама құз, жарды да,
Қайта айналып келе берем алдыңа.
Бəрін, бəрін ұмыттырып дүниненің,
Ерке сезім еркімді ұрлап алды ма?
Күлер біреу,
Бəлкім, бірі түсінер,
Түлемесе, ұшыра ма құсын ер.
Саясаткермін – лашынымды аққуға
Құлдилатып көкжиектен түсірер.
Түсінсе, оны түсінер –
Мен секілді сүйген,
Күйген кісілер!
Саған ғана кішіремін,
Кішірсем...
Түсінбесе күллі ғалам,
Түсінсен!
Айна көлдің айдынында таранып,
Жарқылыңмен жанды арбаған құсым сен!
Махаббатты көзсіз десе, сенбеп ем,
Баурап алдың жүрегімді сен немен?
Бағытымнан, бағдарымнан айырылып,
Ағып келе жатқандаймын селменен.
Ұғар болсаң махаббаттың борышын,
Құтқарып қал,
Соз бір сəтке қол ұшын.
Білем, білем,
Айналамыз – толы сын,
Құлың болып өтем, қалқа, сол үшін,
Сол үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу