Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  87


Автор: Есләм Зікібаев

Мен сонда нешеде едім, Білесің бе?

Мен сонда нешеде едім,
Білесің бе?
Немене, бұл несі деп күлесің бе?
Тірліктің əрбір күні,
Əр сағаты
Бола бермес адамның кіл есінде,
Сонда дағы өзіңмен алғаш рет,
Бал көңіл балалықтың жалғасы деп
Кезіккенім қалтқысыз жүр есімде.
Сен он үште ең,
Мен бір жас үлкен едім,
Сыр бүгіп, ойымды ішке іркер едім.
Сол күні өзің келдің «кітап іздеп»,
Жəй кезде тағы еліктей үркек едің.
Отырып бірге оқыдық «Құралайды»,
Сезімді алай-дүлей құм орайды.
– Махаббат, ол не? – дедің,
Қайдан білем?
«Ағадан» ондай сұрақ сұрамайды.
Махаббат – «Сүю» дедің,
Қайталап мен де айттым:
– Сүю! – дедім,
Белгісіз сүйінгенім,
Күйінгенім,
Сонда да алғаш рет өз-өзіме.
Белгісіз болып қалды күйім менің.
Япырай, отырдың ба сынақ алып,
Мен саған көрсеттім бе шын ағалық.
Махаббатты басқаға бағыштадың.
Білмегендей өзімнен сұрап алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу