Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  78


Автор: Есләм Зікібаев

КҮТУ

Мен күтемін,
Сен де мені күтесің,
Шыдамның да шығардық-ау –
Түте-түте-түтесін ...
Күтудің де шегі болу керек қой,
Беу, қай күні бітесің?!
Ақырын күт,
Ақырын күт,
Ақырын!..
Деумен дағы шығардық көк тақырын.
Күтудің де шегі болу керек қой,
Күтемін деп бітпесе екен пақырың.
Бітпесе екен,
Кетпесе екен үзіліп,
Күту қандай ауыр еді сызылып,
Тұрып алды көкірегімде тізіліп,
Екеу ара майдандасып жатқандай
Жүз күдік пен жүз үміт.
Күдік,
Үміт! ...
Алма-кезек жығысып,
Қысқа күнде жүз суынды,
Жүз ысып.
Тұлпар-уақыт тоқтамайды тағат қып,
Төбемізден көктем ұшып,
Күз ұшып ...
Кетіп жатыр,
Жетіп жатыр мұратқа,
Қияндарға – үні жетпес құлаққа.
Күткен сайын барады асып жыраққа,
Бел-белеске, адыр-адыр қыратқа,
Күту деген айналмаса жарады-ау,
Қолға тұрмас сусылдаған сынапқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу