Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  63


Автор: Есләм Зікібаев

Өне бойым өрт болып лаулағаны-ай...

Өне бойым өрт болып лаулағаны-ай,
Кетсем бе екем самалдап тауға қарай.
Жанған отын жанымның басатындай
Бір жаңбырдың дүркіреп жаумағаны-ай.
Таң тауығы аулақта шақырады,
Сыбдырлайды сезімнің жапырағы.
Менің күйім басқаны күйдірмейді,
Тəтті ұйқыға шомылып жатыр əлі.
Елегзиді көңілім,
тыншымайды,
Сезім-саусақ жүректі шымшылайды.
Тəніңді емес,
Жаныңды жандыратын
Мынау өртке, құдай-ау, кім шыдайды?
Қара жердің бір күнде қар болғаны-ай,
Кең дүниенің қушиып тар болғаны-ай.
Ұзақ таңды атырып ой қуумен
Бұл пендеңнің жаутаңдап, зар болғаны-ай.
Қар көрмедім Қақпаның күртігіндей,
Таң көрмедім дəл осы бір түнімдей.
Ел ұйқыда,
Мен ояу елегізіп ...
Шықтым таңға дөңбекшіп, кірпік ілмей.
Болып қалдым өзіңе ғаріп ғашық,
Кетер ме адам көрмесе салқындасып.
Қол жетпеске талпынған күйім мынау,
Өлеңменен отырмын мауқым басып.
«Бұл несі» деп шынымен сөгермісің,
Бықсық шалып,
Түтіндеп сөнер ме ішім?
Не десең де еркіңде –
Саған қарай
Сағынышпен ұшырдым өлең құсын.
Қор қылсаң да,
Қолыңда зор қылсаң да ...
Адастырып əйтеуір көмдің шаңға.
Алыстағы арманның шырағысың –
Жетсем-ау деп келемін сол бір шамға.
Өне бойым алау өрт,
лаулағаны-ай,
Сəл де болса бір жаңбыр жаумағаны-ай.
Шақыра ма қияға қыран жетпес,
Өзің болып қол бұлғап таудағы арай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу