Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  145


Автор: Есләм Зікібаев

Кіл қайшылық қарасаң мына ғалам...

Кіл қайшылық қарасаң мына ғалам,
Туғандар да кей-кейде бір анадан
Тіл таба алмай жатады –
Амалың не?
Кете алмайсың қол үзіп бірақ одан.
Кете алмайсың –
Арнаң бір, бастауың бір,
Тұғырың бір, ұшатын аспаның бір.
Тағдырыңнан сан тарам тармақтарын
Бір желіге матаған баста ғұмыр.
Жырақтатып жол менен жол арасын –
Бірің шалғай біріңнен қона аласың.
Қаншама алыс кеттім деп ойлайсың да
Сол желіге айналып, ораласың.
Сан қия, сан асудан асқан арман
Жас келген, бурыл тартып шаш та ағарған.
Басыңды тауға да ұрып, тасқа да ұрып
Желіңе ораласың бастау алған.
Жалпақ жұртқа етсем деп барымды əйгі
Албырт сезім əр тұста арындайды.
Тоқтар кезде бəрі бір бастау алған
Қайнарыңдай қасиет табылмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу