Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  76


Автор: Есләм Зікібаев

Көңіл неге тағы да өрекпіді...

Көңіл неге тағы да өрекпіді,
Сені, бəлкім, көрмеуім керек пе еді.
Ұғыса алмай келеміз екеуара,
Бірақ соның белгісіз себептері.
Өрекпиді бұл көңіл тыным алмай,
Кім бар менің жанымды ұғынардай?
Сен де бір сəт иілсең қайтер еді,
Қасақана қасарып тұрып алмай.
Жетіп жатыр тағдырдың шырғалаңы,
Неге жаным құлазып мұңданады.
Алғы күндер белгісіз, жұмбақ əлі,
Ашылмай тұр кеудемде күн қабағы.
Тарқамаса жүректе жүрер шемен,
Сүйеріңді сенің де білем, сенем.
Сезім деген бір сиқыр бойыңдағы –
Таразылап, мысқалдап кім өлшеген.
Мəуелеген сезімнің бəйтерегі –
Тілін ұқсаң талай сыр айтар еді.
Өз-өзіңнен саяқси бермей, жаным,
Сəл де болса иілсең қайтер еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу