Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  80


Автор: Есләм Зікібаев

Қинадың сен, жаным-ай, қинадың-ау...

Қинадың сен, жаным-ай, қинадың-ау,
Қиналғаннан жаныма күй дарыды-ау.
Дүниенің бəрін де тəрік қылып,
Тартсам ба екен өзімді сыйға мынау.
Қуантам ба, мен бірақ налытам ба?
Жақсылығын жалғанның танытам ба?
Өзің айтшы қалпыммен қолапайсыз
Саған, жаным, сый болып жарытам ба?
Бір келгендей мамырдың лебіменен,
Тыңдаймын да лебіңді тебіренем.
Несіне жаратқан деп əуел баста
Бөлек қып мені сенен, сені менен.
Күпірлік пе?
Ол болса, кешір, Алла-ай!
Кезіктірдім мен сені несіне Алла-ай!
Бір сəт ғұмыр кешпейтін болып алдым
Мен сені есіме алмай!
Біле тұрып қинайсың, қиналасың,
Үлбіреген күлім көз, қима қасым.
Не істейін, не істе дейін, білмей жүрмін
Тағдыр бізге бұл күйді сыйлағасын.
– Жоғал! – де,
Жоғалайын таба алмастай,
Сырымды жер бетінде адамға ашпай.
Батайын су түбіне ап сезімімізді
Мəңгілік тот баспайтын ақ алмастай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу