Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  68


Автор: Есләм Зікібаев

Неге екенін білмеймін...

Неге екенін білмеймін,
Сұрама сен,
Дəурені өтсе гүл-көктем тұра ма əсем.
Соңғы кезде алапат дауыл ұрып,
Кешер болды көңілімнен күнара сең.
Өзім дағы сенерім, сенбесімді
ұқпай қойдым,
Бермеймін елге ішімді.
Ескегінен айырылған қайықшыдай
тек отырам,
Бар еркім сенде сынды.
Көңіл тұлпар құлағын қайшыласын,
Тəңіріден нажағай, жай сұрасын.
Жансам, жанып кетейін білмей тұрып
Бақытым мен сорымның қайсы басым.
Күл болам ба,
Бəрібір пұл болам ба –
Жүрегімде тыншу жоқ,
Күнде алаңда...
Өзіме-өзім көрінем ең бақытты,
Ең сорлы жан секілді бұл ғаламда.
Кім жетіпті арманның ұшпағына,
Кейде тіпті қанатты құсқа мына
қызығамын.
Тірлігі бейқам түгел
Аңдамайтын досын да, дұшпанын да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу