Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  68


Автор: Есләм Зікібаев

СҮЙДІМ ДЕГЕН СӨЗІҢ ДЕ...

Тіршілікте табынар тəңірім де,
Шалғай кетсем сағынар жаны бірге...
Бір жебеушім бар еді жүрегімде,
Періштемдей көретін əлі күнге.
Кең жайлауын жанымның жайлады кім,
Сол тəңірім, періштем қайда бүгін?
Өзім өлсем, артымда сен қал дейтін
Жалған ба еді жалтырақ қайран ұғым.
Тəтті сезім тербеген таңнан мені,
Қол жеткізбес Айдағы арман ба еді?
Серт дегенім семсердің жүзіндегі –
Серт емес, жəй əшейін жалған ба еді?!
Қайран сенім жақсыға жанастырған,
Жалған сезім жақынды алаш қылған.
Серт дегенің серт болмай, сергелдең боп...
Ашық күнде жолыңнан адастырған.
Жылап отыр, көңілім күлмес мынау,
Шалқып-толқып, шарқ ұрып жүрмеспін-ау.
Жылдар бойы өзімді өзім алдап,
Алмағайып, екіұдай күн кештім-ау.
Табылатын өрден де, еңістен де...
Жаны ұғатын керісіп, келіссем де,
Табынатын сен деп ем тəңірім де,
Жаны ұғатын мен үшін періштем де!..
Таппапты-ау іздегенін танып арман,
Енді мен ешкімге де табына алман.
Сүйдіргенің, сүйгенің өліп-өшіп,
Сүйдім деген сөзің де...
Бəрі жалған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу