Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  145


Автор: Есләм Зікібаев

Сынамасын демеймін, сынамасын –

Сынамасын демеймін, сынамасын –
Шындық пенен сұмдықтың шын арасын.
Əділет сын айырып көрсетпесе,
Өзің қайтып қалтқысыз біле аласың.
Мақталып та жүреміз, жамандалып,
Ой түйеді сол жайдан тамам халық.
Сөйтсе дағы желбуаз көп сыншыдан
Өзің артық білесің шамаңды анық.
Лүпілі бар,
Қаны бар жүрегіңнің...
Шын қуандың,
Егілсең шын егілдің.
Қысқа таңда мың мəрте түлеп тұрып,
Қысқа күнде күңіреніп, жүдедім мың...
Кейбіреуге тосындау көрінгенмен,
Өлсең бөлісе алмайсың оныңды елмен.
Бақытың да, байлығың арымайтын,
Арылмайтын сорың сол өмір берген.
Əкесің сен,
Жан берген əрі анасың –
Əке сөзі – қашан да балаға сын!
Перзентіңнің тірлігі – бір күні үшін
Қандай майдан болса да бара аласың.
Сынамасын демеймін, сынамасын
Ақиқат пен жалғанның шын арасын
Ашып айту – сын үшін, сірə да, сын!
Тура бидей келтексіз, көлгірсусіз
Берсе болды əділет сыбағасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу