Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  74


Автор: Есләм Зікібаев

ЖҮРЕГІМДЕ ЖАРА БАР

Жүрегімде жара бар –
Жазылмайтын ауыр дертпен барабар.
Адам деген ит жанды екен,
Болмаса –
Құлар еді басқа тұрмақ, қара нар.
Көз алдымда орап алған шар тұман,
Бес жасымда соғыс өрті шарпыған.
Балалығым жалаң аяқ, жалаң бас
Қуып кеткен жан көкемнің артынан.
Екеуі де –
Көкем жəне Балалық
Көз алдымда жұлдыздардай сан ағып,
Ұмытам ба деген кезде санамда
Көрінеді қайта-қайта жаңарып.
Міне, міне!
Содан бері қырық жыл,
Жау жолыма тор, тұзағын құрып жүр.
Жан көкеммен бірге кеткен Балалық
Қырық жыл бойы түсіме ұдай кіріп жүр.
Ұмытам ба деген кезде,
Қайтадан
Теңіздерді шайқаған
Дауылдардай соғады кеп, соғады
Түк қалдырмай төңірегін жайпаған!
Жүрегімде жара бар –
Жазылмайтын ауыр дертпен барабар.
Адам деген ит жанды екен,
Болмаса –
Құлар еді басқа тұрмақ, қара нар,
Құлар еді қара нар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу