Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  106


Автор: Есләм Зікібаев

АМАН ЖҮРСЕ

(Қ. Ыдырысовқа)
Айтып-айтпай оның да не керегі,
Күлкісімен толтырып кенерені,
Ортамызға өнер боп енер еді,
Жыр болып өнер еді,
Міне, биыл жиырма жыл бізден бөлек,
Болмаса дариядай ақтарылып,
Осы күндер жетпіске келер еді.
Жарасып жаспенен де кəріменен...
Жарасып арнай жазып бəріне өлең,
Келтіріп тойдың көркін сəніменен,
Тербеліп домбыраның сазына ерен,
Тебірентіп жүреді əніменен.
Ақтарып жасына да қартына сыр,
Ақықтай ойларымен алтын, асыл...
Жүрер жанның ғұмыры болмады ұзақ,
Ерте əкетті өмірден торлап тұзақ,
Бар болғаны қас қағым жарты ғасыр.
Ұзын да емес ербиген, аласа тым –
Дейтіндей қысқа да емес, тамаша-тын.
Өз бойы өзіне əсем жарасатын,
Сырттай ғана аңдатпай жеңгемізге,
Ғашық қыздар Қабама таласатын.
Өлшеулі өмір жазмыштан жан озбайды,
Аз ғұмыры бəз ғұмыр аңыздайды.
Өкініші қым-қиғаш тіршілігің
Өзегіңді өртеген тамыз қайғы.
Қайғысыз қара суға семіреді,
Сал еді, сарбаз еді, сері де еді,
Айнымас адалдықтың серігі еді,
Достыққа дақ салмайтын берік еді,
Асылы керім еді.
Дейтіндей Қабекеме ер жетпеген,
Жүрегін қолына алып дедектеген,
Өзгені өз бауырындай өбектеген.
Дүние-ай, ортамызда болмағаны-ай,
Жақсылар құдайға да керек деген.
Жаз күніндей жаралған жаны нұрдан,
Дауысы естілердей əлі қырдан.
Тек өзі жоқ, көзі бар ұмыттырмас,
Үні үзілмес көңілде сағындырған,
Сағындырған елестей сағым қырдан.
Айтып-айтпай оның да не керегі,
Ой көп, бірақ ой шіркін не береді?
Күлкісімен толтырып кенерені,
Елуінде тербеткен немерені
Қабекең ғой дəл бүгін ортамызда
Ата қаздай шұбыртып шөберені
ЖЕТПІСКЕ келер еді,
ЖЕТПІСКЕ келер еді!..
ƏТТЕҢ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу