Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  72


Автор: Есләм Зікібаев

СƏЛІМ АҒАҒА

(Дипломат Сəлім Құрманғожинға)
Тіршіліктің көбейтіп арнасын көп,
Тоқтамас тірлік көшін алға сүйреп,
Келесіз ел мен елді табыстырып,
Əулие бабалардың жалғасы боп.
Өрлігін мақтан қылып айтар елі –
Даланың иір бұтақ бəйтерегі.
Өзіңіздей болмаса көсемдері
Өсер ме елі,
Момын жұрт қайтер еді.
Күндерді бастан кешіп қиын да азап,
Уақыттың тарта білген күйін ғажап.
Кішкентай ауыл емес, аудан емес,
Сізді, Аға, біледі дүйім қазақ.
Шоқтығы биік тұрған дара құз деп,
Мақтанып айта жүрер Ағамыз деп,
Малынып күндей жылы мейіріңізге,
Өзіңізден тағылым аламыз көп.
Əрқашан бел көрердей Əз ағамыз,
Сіз барда бойды да еркін жаза аламыз.
Кір шалса көңілімізді күнге қарап
Бет бұрып құбылаға құлшылық қып
Пенделік күнəмізден тазарамыз.
Кемедей желге қарсы өрге жүрген
Тұлғасы басылардай көзге бірден,
Сырт жұртқа сыншыл, міншіл көрінгенмен,
Сұлулық сымбатындай елестейді
Қатар тұра қалсаңыз жеңгемізбен.
Құдайға құлшылық қып малдас құрған,
Белдессе балуанды да жамбасқа ұрған.
Байырғы жорғасынан танбас бір жан,
Сіздей-ақ болар қазақ қаршадайдан
Жер мен жер, ел мен елді жалғастырған.
Жүр талай айтылып та, жазылып та,
Уақыттың сөзін сөйле, назын ұқ та.
Жұрт жалғыз барып жүрсе
Əр ауылға,
Сіз бірге алып бардыңыз жеңгемізді
Қасиетті Меккеге қажылыққа.
Бұл да тағылым ұға алар азаматқа,
Қатыны көп, еркегі аз ұлтқа.
Секілді шамшырақтай көңілі нұр
Өнеге өсер жасқа өмірі жыр.
Сіз өткен пайғамбардың жасындай жас,
Дəлелдеп тұрғандай-ақ соны ғұмыр.
Туғанбыз теріскейде сіз де, мен де,
Сүйеусіз шықтық талай құз белеңге.
Ауылымыздан жырақта жүргеннен бе,
Мəз-ақпыз бір-бірімізді іздегенге.
Алашқа аты мəлім Əз ағамыз,
Жақсылыққа баладай мəз Ағамыз.
Сіз жайлы ойымыздың бастауы бұл
Бұйырса əлі талай жаза аламыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу