Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  88


Автор: Есләм Зікібаев

САРБАС АҚТАЕВҚА

Қатар кірдік өнердің бəйгесіне,
Қиқу шықса шабардай сəл көсіле
Қызылжар мен Көкшені жырға бөле,
Арман қуған күніміз бар ма есіңде.
Бала қылық,
Бала мінез,
Бұла тұлға-ай...
Өн бойымыз лаулаған жыр отындай,
Көктемнің сүт пісірім таңдарындай,
Қалай ғана тез өткен тұра тұрмай.
Сұлулыққа тұрар ма жанар тұнбай
Қыздар тегіс жабықтан қарар тынбай.
Біріміз – мөлдіреген қара маржан,
Біріміз – самародок сары алтындай.
Гүл жарған жауқазындай көкте, қардай...
Менен озған ақын ең оқ бойы алда.
Əкімдіктің шырынын бір таттың да,
Сол жолмен кете бердің тоқтай алмай.
Көктемдей көңіл талай өлеңдеді,
Өтімді-ақ жігіт едің сен елдегі.
Сап-сары майға піскен бауырсақтай,
Қызға да сүйкімді едің менен гөрі.
Сол бойы кете бердің тоқтай алмай,
Жақсы мінез – жігітке оққағардай.
Тарылып тұрған дүние кеңіп салып,
Сен сөйлесең,
Болатын жоқ та бардай.
Шапшыған шу асауға салсақ жүген,
Болардай тұмауратып қалсақ жыр ем.
Өлеңмен күйкі өмірді өңдеп алар
Алаңсыз сол күндерді аңсап жүрем.
Сабырлы салиқалы салтың да ерен,
Қызбайсың!
Ішің жанса, салқын денең.
Алпыстың да асуына бұрын шықтың
Баяғы оқ бойы озған қалпыңменен.
Жол да ауыр –
Тірлік кейде оппа қардай,
Жаны жомарт адамға жоқ та бардай.
Байқамай жүзден өтіп кетіп жүрме
Жамбыл сызған межеге тоқтай алмай.
Ақынның сыры да шын –
Шыны да – шын,
Ағайын, айта көрме жырына сын.
Жастықта байқамаған көп жайларды,
Жас келіп қартайғанда ұғынасың.
Көңіліміз көктемдей күн шуақты,
Өміріміз шүкірлік гүл сияқты.
Жиырмада жыр деп соққан екі жүрек,
Алпыста да соғуы бір сияқты.
Қатар жүрген сары нар, қара нардай,
Арман əлі бір жерден табады арна-ай.
Келеміз қос інгенмен қосақталып,
Үзіліп басқа жаққа қарай алмай.
Жүз – алыс,
Жетпейміз бе, жетеміз бе,
Көреміз не жазылса шекемізге.
Кіндігі ажырамас екі егіздей,
Ерте-кеш бұл өмірден өтеміз де.
Қасыңда сыйласаң да, қимасаң да,
Қинаса жанды бірге қинасын да.
Жетеміз аман-есен біраз жерге
Ғайни мен Розаның бұйдасында.
Барады өмір зулап
Есіл ағын,
Білмейсің кейде не жоқ,
Несі барын.
Өмірде, өнерде де тете жүрген,
Сол баяғы бала дос Еслəмің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу