Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  58


Автор: Есләм Зікібаев

Арманымызды айдынға салып, жүздіріп...

Арманымызды айдынға салып, жүздіріп,
Жүргендей күнде сөйлейміз өліп, үздігіп.
Бəрі ғой соның əруей тірлік, пенделік,
Болмаса біз кімді, жатыр-ау кімдер бізді ұғып.
Толып жатса да тірліктің тарам жолдары,
Ойлағанымыздың, тойлағанымыздың жөн бəрі.
Көзді ғана емес, көкірегімізді шел қаптап,
Ағаның айтқан ақылы бойға қонбайды.
Тіршілік – мұрат, жеткізбес шегі бар ғайып,
Тəуекелің де, дарияға салған жел қайық.
Ағаны тосып, ақыл алмаған басымыз
Ірі боп кеттік, ініні қайтып тыңдаймыз.
Осылай өмір,
Өзінің жолы, жөнімен
Өте береді,
енді ұққандаймын соны мен.
Алды-артымызды ажырата алмастай күй кешіп,
Ата жолынан адасып қалғандай көрінем.
Талайды сыйлап, талайдан тағы сый көріп,
Бойымызды жинап, ойымызды еркін игеріп,
Жаманнан қашып, кірпік шешендей жиырылып,
Жақсыға жанап келе жатқанымыз да үйреніп.
Ұға алған жанға екен-ау бұл бір ғаламат
Жұқарасың кейде қажырыңды тасқа жанып кеп,
Көрініп жатқан тірліктің ізі, жолы жоқ.
Басқан ізіңнің шатасып жатқан бəрі ирек
Адасып қалмасам екен-ау дейсің зар илеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу