Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  62


Автор: Есләм Зікібаев

ҚАЗДАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ

Қаздар қайтып барады –
Думандатып соңғы рет көктің жүзін.
Дегендей:
Өттің жазым.
Жеттің күзім.
Жылы жақты бетке алған бейбақтардай.
Ең болмаса тежеген жоқ тізгінін.
Қаздар қайтып барады –
Қариядай мұңлы бір əн тыңдаған,
Жабырқау –
Жатыр тыныш жалқын далам.
Қимастықтың қиналған үні келер
Дауыстардан қосылып қаңқылдаған.
Қаздар қайтып барады –
Жұлдыздармен астасып көкте кілең
Жұбын жазбай ұшады топ-тобымен.
Қанаттары сермеген қол сияқты
Хош айтысқан өмірдің көктемімен.
Қаздар қайтып барады –
Көз айырмай қарт та тұр,
бала да тұр...
Көз айырмай көл жатыр,
дала жатыр...
Құс базарын өлкемнің ілестіріп
Өздерімен əкетіп бара жатыр.
Қаздар қайтып барады –
Қол бұлғасып арайлы таңдарменен,
Осы жақты мекендеп қалғанменен.
Қоштасады бəрімен,
бəріменен...
Қоштаспайды жалғыз-ақ арманменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу