Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  333


Автор: Есләм Зікібаев

ҚОШТАСУ

1
Бетін бұлт бүркейді екен күннің дағы
Кенеттен тына қалды жыр бұлағы.
Арадан кете барды абзал адам
Жанарын жайлап қана жұмды дағы.
Япырай, сазды əуені тоқтай ма енді,
Қайталап алып жүрек соқпай ма енді,
Өзінің сүйіктісін аза тұтып
Көз жасын төгіп тұрып жоқтайды елі.
Жөнелді алып адам арамыздан
Таппайсың іздеп енді дала-құздан
Сонда да асқақ əуен бізбен бірге
Тілінен күй ағызған, бал ағызған.
Өлер ме жарқын жанды абзал адам
Кен еді-ау көл жасаған аз ғанадан.
Көңілде өкініш сол – жалғыз ғана
Жаныңда көп от кетті-ау маздамаған.
О, дүние-ай, қатал еді өлім неткен
Қалды ғой солғын тартып көңіл-көктем.
Кім ойлаған Мұхаңды өледі деп,
Абайды өлмейтіндей өмірлі еткен.
2
Құлапты бəйтерегі ойдың алып,
Барады осы бір сөз бойды қарып.
Мұхаңды қара жерге қияр ма ел –
Қадірлеп кеудесіне қойды халық.
Деп ешкім сөкпес бізді:
– Тұнжыраусың,
Бүгін қазақ жыламай, кім жыласын?
Өмірмен хош айтысты ақтық рет –
Артына қалдырды да жыр мұрасын.
Жан емес тек сырт көзге жалтыраған,
Дария ең қайнары кең сарқыраған.
Көз жасын төгіп тұрып хоштасамыз –
«Бақұл бол, алып жанды
Жарқын Ағам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу