Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  83


Автор: Есләм Зікібаев

ДОМБЫРАМЕН СЫРЛАСУ

Сені іздедім
Жаным бір жабыққанда,
Сені іздедім –
Жалғыз қап жалыққанда.
Сені іздедім –
Шынымды айтайын деп,
Сырымды сенен басқа жан ұққан ба?
Кей сəттерде көңілім елеңдеген
Еш пендеге ешқашан еленбеген
Тез ұғушы ең,
Сыралғы серігім сен –
Сол сырымды елге айтып берер деп ем.
Бабалардың бағызы өнерінен
Өлмейтұғын өзіңде тұяқ қалған.
Біліп елдің жақсыға шөлдейтінін,
Тұяқ қалған өзіңдей өлмейтұғын.
Жабырқаған көңілімді көтерсем деп,
Сені іздеймін –
Жабықсам, көрмей тыным.
Қияс тартып,
Халықтан шеттемеген –
Өнер тілін өмірі шектемеген.
О, ғаламат!
Құп-құйттай болып алып,
Көкірегің кен еді неткен ерен?!
Өнер тілін өмірі шектемеген,
Өнерсізден зар-запа шекпе деген.
Ұлылырдың ұрпаққа өсиеті
Құдірет боп,
Күш болып жеткен ерен.
Шежіредей шер төккен күніге мың,
Зар заманның үзілмес үні ме едің?
Хан қаһарын қайтарған қаралы үнді
Қайран қалып тыңдайды тынып елім.
Бұлт үйіріліп,
Төбеңнен төніпті аспан –
Шыдамсыздар шығандап,
Өліп қашқан.
Ерлер болса,
Есін тез жиып апты
Адуын айбарыңнан «Көбік шашқан».
Толтырып күллі əуенін дүниенің,
Тағдырдың бізге берген сыйы ма едің?
Қашанғы қуанышы,
Қайсымен....
Тұрғандай тар кеудеңе сыйып елім.
Дегендей:
– Шер-мұңымды қозға тағы,
Көлдің қыл көпірін қоздатады.
Айрылған ботасынан бейбақ ана
Мезгілсіз «Бозінгенді» боздатады.
Айналайын.
Қадірлім.
Қасиеттім.
Кейде бір əкелсең де қасірет мұң,
Көңілдерді күйге орап, сергіттің де,
Адал жанды өмірге ғашық еттің.
Сыр ашсам деп өзіңе ақтарыла
Сені іздедім –
Жабыққан шақта мына,
Сені іздедім –
Жалыққан шақта мына.
Көңілімнің көрінбес көгершінін
Қондырғайсың шабыттың бақтарына,
Сыр ашайын армансыз ақтарыла.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу