Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  60


Автор: Есләм Зікібаев

Қап-қара жер бір күнде аппақ болды...

Қап-қара жер бір күнде аппақ болды,
Теректерге ұлпа қар қаптап қонды.
Алматыны ғажайып түске бөлеп,
Ақ күміспен табиғат аптап болды.
Кеше қандай,
Қарашы қандай бүгін?
Сұлулыққа есінен танбайды кім!
Бəрімізден кеш жатып, ерте оянған
Ғаламатқа қайран қап, нанбайды ұлым.
Нанбайды ұлым,
Қарайды қайран қалып,
Ақ киізін қыс-ана жайғанға алып.
Қуанып жүр,
Көзінде күлкі ойнайды,
Алабұртқан бал жүзі жайраң қағып.
Бала көңілін қай əке жығар бүгін –
Елден бұрын далаға шығарды ұлым.
Ақ ұлпаға сонда із сала алмай
Тұрды жеңіп ақ түске құмарлығым.
Ақ түс – менің қашан да киелімдей,
Кімді сүйем ақ түсті сүйерімдей.
О, табиғат айырымды-шапағатты
Ақ түске деген ұлы махаббатты
Кеудемде əкеп армансыз құй ерінбей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу