Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  89


Автор: Есләм Зікібаев

Жас екен деп, болмаса кəрі екен деп...

Жас екен деп, болмаса кəрі екен деп,
Айта алмайсың болды деп «бəрекелді ең».
Сақалы жоқ, мұрты жоқ біздей шалды
Дəріменен ұстайды дəнекерлеп.
Ер болғанмен, ескінің құны бар ма,
Қарқылдайсың, əйтеуір тірі қарға.
Жартық-жамау тұстарын қымтап қойып,
Секілденіп жүресің сынық арба.
Жоғалтпасам деуменен құн-арыңды,
Өбектейсің өлердей сыңарыңды.
Сол сынбаса алдымен деп тілейсің,
Өзің қашан білмейсің сынарыңды.
Бұл күнде пайғамбардың жасына кеп,
Қу көңіл əр-əрнемен ашына боп,
Ой-орманнан шырмалып шыға алмайсың,
Тауға-тасқа соғылып басың əлек.
Алдың кейде алынбас тас қамалдай,
Аса алмайсың бірдеңе тастап алмай.
Бірде құлап, бір тұрып басқалардай,
«Еслəм шіркін ішіпті-ау» дейтіндей жұрт,
Сынайтын дос, сыбайтын қас та бардай.
Баяғы нық күнің жоқ тас тағандай,
Күш берердей зəмзəмнан тастай алмай,
Қор боп келем бір мəрте мас бола алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу