Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  53


Автор: Есләм Зікібаев

35 жыл өзіңді мен білгелі...

35 жыл өзіңді мен білгелі,
Арманымдай жетелеп келдің мені.
Қаншама тоң жібіді содан бері,
Қанша рет содан бері жер гүлдеді.
Жол қадірін жаяулап жүрген ұғар,
Естен кетпес əркімнің күндері бар.
Сен жауқазын гүл едің беткейдегі,
Көбелек ем мен көзсіз гүлге құмар.
Өмір тоқтап бір жерде тұра алмас-ты,
35 жыл –
Қаншама Ай, Күн... алмасты.
Көңіл шіркін баяғы бəз қалпында,
Шашты – қырау,
Сезімді мұнар басты.
Өмір тоқтап бір жерде тұра алмас-ты,
Дос та,
Қас та...
Қайтесің, мың алмасты.
Жалғыз ғана өзіңе деген көңіл
Он сегіз –
Гүл қалпында тұр алғашқы.
Уақыт тұлпар қалдырып күнді артына,
Заулайды,
Жете берер кім нарқына.
Сен үшін мен қандаймын –
Біле алмадым,
Мен үшін сен –
Он сегіз – гүл қалпыңда.
Сен гүлден сəн жүзгендей өрілесің,
Көңілім сол...
Бүгем елден оның несін.
Мен қаусап,
Сен шаршаған кездерде де
Көзіме ОН СЕГІЗ боп көрінесің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу